23 Қазан 2026, 03:43 Фото: News 18

Таиланд шетелге ұшатын жолаушылардан 13 мың теңге алуды кейінге қалдырды

Елден шығу салығын енгізудің жаңа мерзімі әзірге белгіленген жоқ.

Таиланд Қаржы министрлігі туристік саланы қолдау мақсатында елден шығатын жолаушыларға 1 000 бат (13,3 мың теңге) көлемінде салық енгізуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы BAQ.KZ The Nation Thailand басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржы министрі Экнити Ниттитханпрапастың айтуынша, ведомство жаңа алымды жақын арада енгізбеу туралы шешім қабылдаған. Себебі қосымша шығындар туристік салаға кері әсер етуі мүмкін.

Министрдің сөзінше, билік жыл соңындағы төртінші тоқсанда туристік сапарлардың оң динамикасын сақтап қалуды көздеп отыр.

Салықты енгізуді кейінге қалдырудың тағы бір себебі – Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында энергия ресурстары бағасының қымбаттауы. Бұл әуе компаниялары мен саяхатшылардың шығындарын арттырып отыр.

Бұған дейін Таиланд билігі азаматтығына қарамастан, шетелге ұшатын барлық жолаушыдан 1 000 бат (13,3 мың теңге) көлемінде салық алуды ұсынған болатын. Жоспар бойынша, алым әуе билетінің құнына қосылуы тиіс еді.

Заң жобасын қоғамдық талқылау 30 қыркүйекте басталып, 29 қазанда аяқталуы керек.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі салықты кейінге қалдыру шешімі елге келетін туристерден 450 бат көлемінде алым алу туралы бөлек ұсынысқа әсер етпейтінін атап өтті.

Елден шығу салығын енгізудің жаңа мерзімі әзірге белгіленген жоқ.