Тағы да жер сілкінісі: Көпірлер қирап, биік ғимараттар құлады

Бүгін Мьянмада қуатты жер сілкінісі болып, оның әсері Таиланд аумағына дейін жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Бангкок қаласынан тараған қорқынышты кадрлар пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, жерасты дүмпулері салдарынан Таиланд астанасында салынып жатқан биік ғимарат құлаған. Бүгінгі тадңа қаза тапқандардың нақты саны белгісіз, алайда билік табиғи апаттың қайталануы мүмкін дейді.
Қалай басталды?
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы күшті жер сілкінісі туралы алғашқы ақпараттар Астана уақытымен сағат 12:00 шамасында тарай бастады. Жергілікті геологиялық қызметтердің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Мьянма астанасы Мандалай қаласынан шамамен алты шақырым жерде орналасқан. Дүмпудің магнитудасы 7,7 шамасында болған.
Бұдан кейін тағы бір жер сілкінісі тіркелді – оның қуаты 6,4 балл. Жерасты қозғалыстары Мьянмадан тыс елдерде де сезілді - атап айтқанда, Таиланд, Үндістан, Қытай, Лаос және Бангладеште.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Мандалай қаласындағы қонақүйлер мен әкімшілік ғимараттарда дабыл жүйелері іске қосылған. Қала өмірі іс жүзінде тоқтап қалды, қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылған.
Таиланд премьер-министрі қуатты жер сілкінісіне байланысты төтенше жағдай режимін енгізді. Қазіргі таңда шешім тек Бангкок қаласына қатысты қабылданды.
Таиланд премьер-министрі Пхэттонгтхан Чиннават корольдік астанасында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты Бангкокта төтенше жағдай режимін жариялады, - деп жазды AFP агенттігі.
Ел астанасында салынып жатқан биік ғимараттың құлауынан 43 жұмысшы үйінді астында қалып қойған.