Тағы да қайталап айтамын. Тоқаев әкімдерге тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1000 мектепті салу үшін әкімдерге жерді алдын ала бөлуді тапсырды.

Мемлекет басшысы мектептердегі орын тапшылығы да өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Биылғы Жолдауымда жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бердім. Бұл - маңызды міндеттің бірі. Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы осы тапсырманы сапалы әрі тиімді орындауына қарай бағаланады. Қазір мектеп салу үшін жер телімін алу айтарлықтай қиындық туғызатын болды. Өңір әкімдеріне барлық мектепке жер телімін алдын ала бөлуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Президент елді-мекеннің жоспарын жасап, тұрғын үй салған кезде әлеуметтік нысан болу қажеттігі ескерілуі тиіс екенін айтты. Бұл – заңнамада көрсетілген талап.

Бірақ жергілікті атқарушы органдар белгіленген талапты орындай бермейді. Тағы да қайталап айтамын. Тұрғын үйлер бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын, - деп айтты Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы