Тағы да блогер дауы: Семейде стендап-блогер бейәдеп сөз үшін 5 тәулікке қамалды

Семейде балағат сөз қолданған стендап-блогер 5 тәулікке қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

22 қараша күні кешкі сағат 21:00 шамасында Семей қаласының мейрамханаларының бірінде өткен стендап-шоу барысында жергілікті блогердің көпшілік алдында бейәдеп сөздер қолданғаны белгілі болды. Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерге таралып, қоғамдық пікірдің қызу талқысын тудырды.

Полиция қызметкерлері жарияланған видеоматериалды зерделеп, аталған азаматты қоғамдық орында бейәдеп тіл қолданғаны үшін жауапкершілікке тартты. Сот әкімшілік істі қарау барысында оның кінәсін анықтап, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім қабылдады.

Көпшілік алдында өтетін іс-шаралар, соның ішінде әзіл-сықақ бағдарламалары да, қоғамдық мораль нормаларын сақтап, көрермендерге құрмет көрсету талаптарына сай жүргізілуі қажет. Қоғамдық ортада бейәдеп сөздер айту, сондай-ақ оны интернет арқылы тарату заңға қайшы келеді және құқықтық жауапкершілікке әкеледі, - деп ескертті ІІМ. 

Осындай құқық бұзушылықтарға қатысты полиция тарапынан қажетті шаралар қабылданатын болады. Қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер назардан тыс қалмайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, астаналық полицейлер «ерекше балалардың» ата-аналарын қорлаған блогер Гүлнәрді (Gulnara.blogger) ұстап, «ұсақ бұзақылық» бойынша оның ісі сотқа жіберілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы