Тағы бір ЖОО талапкерлерге 100 ішкі грант бөлетін болды

Жаңа оқу жылында Торайғыров университетінде мемлекеттік гранттардан бөлек, жоғары оқу орнының өзінен, серіктес кәсіпорындардан және Қазақстанның басқа өңірлерінің әкімдіктерінен гранттар қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне, облыстық пәндік олимпиада мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарына, «Дарын» өңірлік олимпиадасы мен ToU пәндік олимпиадасының нәтижелері бойынша үздіктерге, мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға, ToU пәндік олимпиада сертификатының иегерлеріне және халықтың әлеуметтік қорғалатын санаттарына жататын жастарға арналған гранттар бар.

Сонымен қатар Торайғыров университетінің серіктестері ЖОО-да тегін оқуға кепілдік береді. Биыл ЖОО «Freedom Bank» үшін «Экономика», «Қаржы» және «Өнеркәсіптік роботехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламалары бойынша, KAZ Minerals bozakol үшін – «Электр энергетикасы», «Жылу энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламалары бойынша, KAZENERGY үшін – «Бизнес және басқару», «Жаратылыстану ғылымдары», «Инженерлік ғылымдар», «Қызмет көрсету», «Ауыл шаруашылығы» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттары бойынша мамандар даярлау туралы келісім жасасты, - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ ToU-да оқуға гранттарды «Qazaqstan halqyna» қоғамдық қоры, Ақмола және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ұсынады, олар техникалық мамандықтар бойынша арнайы тапсырыс жасауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы