Тағы бір Олимпиада жүлдегері допингпен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токиодағы Олимпиаданың қола жүлдегері Игорь Соннан оң допинг-сынама анықталды.

9 ақпан мен 2 наурыз аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан Ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеуден өткізді.

Бақылау қорытындысы бойынша келесі спортшыларда оң допинг-сынамалар анықталды:

1. Әуелханов Абылай

2. Сон Игорь

3. Потасова Юлия

4. Чалкарова Руфина

5. Дроздов Алексей

6. Макрушин Матвей.

Жоғарыда аталған барлық спортшылар Алматы облысының өкілдері.

Допингке нөлдік төзімділік саясатын ұстана отырып, Ауыр атлетика федерациясы бұл оқиғаға ішкі тергеу жүргізуге ниетті екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Игорь Сон 61 келіге дейінгі санатта "қола" жеңіп алған болатын.  Ол Олимпиадаға алғаш рет қатысқан болатын.

Бұған дейін допинг-жанжал ауыр атлет Нижат Рахимовтың айналасында өрбіген болатын. 

22 наурызда спорт төрелік сотының (CAS) допингке қарсы департаменті 2021 жылғы тамызда өткен тыңдау қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы Нижат Рахимовтың допинг мәселесіне қатысты ісі  туралы шешім шығарды. 

Осы шешіммен ауыр атлет Нижат Рахимов тыйым салынған әдісті қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 2021 жылғы 18 қаңтардан бастап сегіз жылға шеттетілді, 2016 жылғы 15 наурыздан бастап спорттық нәтижелердің күші жойылған болатын.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы