Тағы бір облыста аналар 8 наурызға орай төлемақы алады
Мерекеге орай 3 849 көпбалалы ана ақшалай сыйлық алады.
Ақмола облысында әйелдер 8 наурызға орай төлемақы алады. 2026 жылы Ақмола облысында мерекеге орай 3 849 көпбалалы анаға жалпы сомасы 73,9 млн теңгеге төлемақы қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кім және қанша алады?
Әлеуметтік көмек 2026 жылы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Ана – Батыр» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға беріледі.
Ақмола облысы бойынша жыл сайын жергілікті өкілді органдардың шешімі негізінде мереке және атаулы күндерге орай, Халықаралық әйелдер күні – 8 наурызға байланысты «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Ана – Батыр» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға жылына 1 рет 3-тен 5 АЕК-ке дейін (12 975 теңгеден 21 625 теңгеге дейін) біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, - деп хабарлады Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы.
Айта кетейік, Ақмола облысында 2026 жылға Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесіне орай 3 849 көпбалалы анаға жалпы сомасы 73,9 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек төлеу жоспарланған.
Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының, Бурабай және Есіл аудандарының тұрғындарына 5 АЕК немесе 21 625 теңге төленеді. Аршалы, Біржан Сал, Жақсы, Жарқайың, Зеренді және Целиноград аудандарының әйелдеріне 3 АЕК (12 975 теңге) беріледі. Сандықтау ауданының тұрғындары 2 АЕК (8 650 теңге) алады, - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға 10 813 теңгеден берілетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 188 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген хабарланып, бұл өңірде 8 наурыз қарсаңында 9 мыңнан астам көпбалалы анаға 20 мың теңгеден берілетіні айтылды.