Тағы бір ел балаларға әлеуметтік желіне пайдалануға тыйым салмақ
Малайзия 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желі аккаунттарын пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл шешім Австралия сияқты елдердің тәжірибесін жалғастырып, балаларға цифрлық технология саласында қауіпсіз орта қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
AP басылымының хабарлауынша, Малайзияның байланыс министрі Фахми Фадзил мәлімдегендей, үкімет бұл қадамды жасөспірімдерді интернеттегі буллинг, алаяқтық және сексуалды эксплуатациядан қорғау шараларының бір бөлігі ретінде мақұлдаған.
Министр қазіргі уақытта Австралия және басқа елдерде қолданылатын тәжірибелерді зерттеп, пайдаланушылардың жасын растау үшін жеке куәлік немесе паспорт арқылы электронды тексеру механизмін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тыйымның нақты қашан күшіне енетіндігі әзірге белгісіз.
Егер үкімет, реттеуші органдар және ата-аналар өз міндеттерін орындаса, Малайзиядағы интернет тек жылдам, қолжетімді ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, балалар мен отбасылар үшін қауіпсіз болады, – деді Фахми Фадзил.
Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап Малайзияда 8 миллионнан астам пайдаланушысы бар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер лицензия алуға міндеттеледі. Лицензияланған платформаларда жас тексеру, контент қауіпсіздігі және ашықтық ережелерін енгізу талап етіледі.