Табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдаланады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған қаңтар айынан бастап, алты айға жеңілдік мерзімі жарияланған. Осы уақыт аралығында Қазақстанның барлық азаматтары сақтандырылса да, сақтандырылмаса да медициналық қызметтерді кедергісіз пайдалануға мүмкіндік алды. 

Бір жағынан, бұл коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетілген қолдау болса, екінші жағынан жалпақ жұртшылық жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуі үшін қабылданған шешім болатын. Шілде айынан бастап емханаға барған тұрғындар статусы болмағандықтан сақтандыру пакетіндегі қызметтерді пайдалана алмайтынын біле бастады. Себебі, көпшілік жарты жылдық жеңілдікті төлемдерден босату деп қабылдады. Бірақ жеңілдік мерзімінің жарна төлеу міндетінен босату емес,  әр адамның МӘМС жүйесіндегі статусын анықтауы үшін берілгенін ұмытпаған жөн, - дейді Әбілдаев. 

Сонымен қатар, ол көктемгі төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған адамдардың да статустан айырылып қалғаны көп айтылғанын айта келе кеше ҚР үкіметі пандемияның салқыны тиген осындай азаматтарды жүйеге қосу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Олар соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар, оған қоса соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын  жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар. Мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар да осы тізімде, - деді ол.

Қор аталған санаттардың бәріне кешеден бастап автоматты түрде сақтандыру статусын берген. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы