Табысын сыртқа заңсыз әкететіндерге қарсы заң дайындалады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізіп, жаңа жаза түрлерін белгілейді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша қорытынды жылдың соңына дейін дайындалады.
Заң жобалары Парламент Мәжілісіне депутаттардың бастамасы бойынша 2022 жылғы 23 мамырда енгізілді. Олар кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс – қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, FATF – ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді, - деп баяндады депутат Марат Құсайынов.
Сонымен қатар комитет «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.