Табысы төмен отбасылар ипотекалық бағдарламаға қатыса алады
Алматылықтар табысы төмен отбасыларға арналған несиелендірудің «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ директоры Данагүл Түсіпова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Біздің басты талабымыз – әр отбасы мүшесінің табысы болуы қажет. Ипотекалық бағдарламаға табысы төмен отбасылар қатыса алады. Қаражат барлық отбасыға жеткілікті болған сәтте, несиенің төлемін төмендете аламыз. Екіншіден, қасына қосымша 2 салымшы ала алады. Олардың табыс көзі есептеледі. Сондай-ақ, табыс көзі есептелмейтін тағы бір жолы бар. Егер «Отбасы банктен» депозит ашып, ақша жинақтап, бірден тұрғын үй заемын алатын болса 3,5 және 5 пайызбен беріледі, онда төлем қабілетін растау қажет емес. Яғни жалақысы төмен азамат егер 3 жылдың ішінде өзіне қажетті соманы жинаған болса, ол төлем қабілетін растамай-ақ, несие алу мүкіндігіне ие болады, – дейді Данагүл Түсіпова.