Табыс 52 теңгеге асып кеткен: Астанада әйел 1,5 млн теңге тұрғын үй көмегінен қағылды
Астанада отбасының табысы белгіленген шектен небәрі 52 теңгеге асып кеткендіктен, әйел 1,5 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын ала алмаған. Соның салдарынан ол пәтердің бастапқы жарнасына жетпеген ақшаны табу үшін бес жылға тұтынушылық несие рәсімдеуге мәжбүр болған. Бұл туралы Орталық Азия Еуразия қорының директоры Ринад Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл жағдай Қазақстандағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау тетіктерінде кездесетін мәселелердің бірін көрсетеді. Тұрғын үй сертификаты бастапқы жарнаны төлеуге көмектесуге тиіс болғанымен, отбасы табысының белгіленген межеден аз ғана асып кетуі мемлекеттік қолдаудан қағылуына әкелген.
52 теңге үшін берілмеген көмек
Елордада «Қазақстандағы әлеуметтік тұрғын үй: мемлекеттік қолдауға қол жеткізу, тұру жағдайлары және алушылардың тәжірибесі» атты аналитикалық зерттеу таныстырылды.
Зерттеу материалдарына сәйкес, әйел бастапқыда тұрғын үй сертификатын алуға қойылатын талаптарға сәйкес келетіні туралы ақпарат алған. Алайда шамамен екі аптадан кейін отбасының табысы қайта есептеліп, белгіленген шектен 52 теңгеге асқаны анықталған. Нәтижесінде, оған 1,5 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын беруден бас тартылған.
Бұл кезде әйелдің пәтер сатып алуына тұрғын үй бағдарламасы аясында мақұлдау беріліп қойған. Сондықтан мемлекеттік көмектен қағылу оның қаржылық жоспарына тікелей әсер еткен, - деп атап өтті зерттеуді таныстырған Ринад Темірбеков.
Бастапқы жарна үшін бес жылға несие алған
Сертификат берілмеген соң, әйел пәтерді сатып алу мүмкіндігінен айырылып қалмау үшін бастапқы жарнаға жетпеген қаражатты шұғыл іздеуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, нәтижесінде шамамен бес жылға тұтынушылық несие рәсімдеген.
Осылайша, мемлекеттік қолдауға үміт артқан отбасы қосымша қаржылық міндеттеме алуға мәжбүр болған. Зерттеу авторлары бұл оқиғаны табыс шегінен небәрі 52 теңгеге асып кетудің өзі отбасының ұзақ мерзімді қарыз жүктемесіне әсер еткен жағдай ретінде сипаттайды.
Тұрғын үй көмегін есептеу тәртібі неге маңызды?
Бұл оқиға мемлекеттік қолдау талаптарын алдын ала нақты түсіндірудің маңызын көрсететін мысал ретінде қарастырылып отыр. Әйелдің сөзінше, егер отбасының табысы алғаш өтініш берген кезде дұрыс есептеліп, сертификат алу мүмкіндігі туралы нақты ақпарат берілгенде, ол қаржылық шешімдерін басқаша жоспарлай алар еді.
Ринад Темірбековтің пайымдауынша, тұрғын үй көмегін ұсыну кезінде қаржылық талаптарды алдын ала келісіп, азаматтарға түсінікті ақпарат беру қажет. Әсіресе пәтер сатып алу процесі басталып кеткен жағдайда, қолдау алу шарттарының өзгеруі отбасының қосымша қарызға кіруіне немесе баспана алу мүмкіндігінен айырылуына әкелуі әбден ықтимал.