Табиғи байлыққа бай Қазақстан алтынды ломбардтан алады - сенатор

Бұл туралы депутат Ғұмар Дүйсембаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Сенатор Ғұмар Дүйсембаев қазақстандық зергерлердің жұмысын қиындатып отырған кедергілерді айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. 

Айтуынша, Қазақстан алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарына кіреді. Бірақ зергерлік отандық өндіріске алтынның негізгі жеткізушілері – ломбардтар мен көлеңкелі нарық қатысушылары болып отыр.

Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы елдің зергерлік бұйымдар нарығы 76 млн долларды құрады. Оның тек 4 млн доллары, яғни 5 пайызы ғана отандық зергерлік бұйымдар өндірушілері өндірген. Қазақстан зергерлер лигасының бағалауы бойынша зергерлік бұйымдар нарығы 90 пайызы контрафактілік және контрабандалық бұйымдардан тұрады, - деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатор еліміздің зергерлік өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет түсімдерінің өсуіне бағытталған бірқатар ұсынысын білдірді. 

Осы орайда жұмысты көлеңкелі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу, қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шараларын енгізу арқылы қазақстандық зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ломбардтардың пайдалануда болған зергерлік бұйымдарды тек қана ішкі нарыққа өткізуін міндеттеу, отандық зергерлердің құзыретін күшейтуді ұсынамын, - деді депутат. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы