Табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 70-ке жуық дерегі тіркелді

Павлодар облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 66 дерегі тіркеліп, жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Шамиль Елубаевтың айтуынша, жауапты мекеме жыл басынан бері орман қорғау заңнамасын бұзғандарға қомақты соманың айыппұлы салынды. Бүгінгі күнге дейін айыппұлдар өндірілді.

Азаматтар көбінесе орманды заңсыз отау, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, аңшылық ережелерін бұзу бойынша заң бұзып жатады. Мәселен, инспекция 95,8 м3 көлемінде қарағай кесудің 11 дерегін анықтады, нәтижесінде табиғатқа келтірілген шығынды өтеу үшін 1,3 млн теңгенің айыппұлы салынды. Көктемгі аңшылық кезінде азаматтар қарапайым ережелерді сақтамайды. Құжаттарын ұмытып кету, рұқсатсыз келу, жолдама аясында мөлшерді асыру деректері бойынша он хаттама толтырдық. Оларға ескерту жасалады немесе 40 АЕК дейін айыппұл салынады, - дейді Шамиль Елубаев.

Сала мамандарының айтуынша, ерекше қорғалатын аумақтарда табиғат қорғау ережелерін бұзу фактілері жетерлік. Мәселен, жуырда Баянауыл ұлттық паркінің аумағында демалушылар туристік бағыт бойынша экскурсияға шығып, Жер шарында 400 млн жыл бұрын пайда болған папоротниктерді жұлған. Ереже бойынша тынығушылар экскурсия жүргізушісімен бірге жүру керек. Жауапсыз демалушыларға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Заңбұзушылық қайталанса, шара қатаңдатылады. 

Айта кетейік, аймақта туристік маусым жарты ай бұрын басталды. Демалыс кезеңінде инспекторлар ерекше қорғалатын аумақтардағы рейдтік шараларды күшейтетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы