Табиғат ананың тазалығы үшін күрескен адам. Достары Мұсағали Дуамбеков жайлы естелікпен бөлісті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы саябақта экология саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткері, экологиялық сарапшы Мұсағали Дуамбековты еске алу құрметіне орай аллея мен мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Еске алу шарасында қоғам қайраткері жайында естеліктер айтылды.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Мұсағали Сәрсенбайұлының саясатта да, ғылым-білім, экология саласында да рухани мәселемен тікелей айналысқанын атап өтті.
Бүгін ерекше шара. Себебі қазақ халқының бұрыннан келе жатқан дәстүрі бар. Біз мәңгілік сапарға кеткен кісілерге құран оқытамыз, еске аламыз, ас береміз. Ал енді бір ерекше кісілер болады. Ерекше кісілердің өзінің шаруалары да ерекше. Мұсағали Сәрсенбайұлы былтыр ауыр жағдайда болды, қанша күресті. Дегенмен бәрі Алланың қолында, оған ешкім төтеп бере алмайды. Ағамыз енді қасымызда жоқ. Оның көптеген мақсаты, міндеті, бастаған шаруалары бар еді. Бүгін міне бұл кісіге арнап аллея ашамыз деген достарының, жұбайының, әріптестерінің ойлары бар. Ол кісінің ерекшелігі – тірі кезінде де бәрімізді біріктіріп, ұйымдастырып, табиғатты қорғауға, табиғатқа қалай көмектесемін деген азамат енді қасымызда болмаса да, біріктірді, - деді қоғам қайраткері.
Мұрат Әбенов марқұмның жасаған жұмыстарын еске алды.
Салтанатты шара барысында Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдарының қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева әріптесі жайлы естелік айтты.
Бір жыл бұрын Салтанат Темірқұлқызының құрметіне осындай аллея аштық. Биыл екінші жыл ағаш отырғызып жатырмыз. Екі қоғам қайраткеріне бір жерге мемориалды тақта орнатып, аллея ашуды ұсындық. Енді осы ойымыздың жүзеге асқанына қуаныштымын. Себебі қоғам үшін де енді сквер, аллея бар. Бұл саябақ ол кісілердің біздің өміріміздегі алатын орнын көрсетеді. Бүгін көбісі Мұсағали Сәрсенбайұлының еңбегі, жұмысы туралы айтатыны белгілі. Бүгінгі ашылып отырған аллея мәңгі есте қалады. Ертең балалары өсіп, «бұл менің әкемнің сквері» деп айтатын болады, - деді Соловьева.
Актер, режиссер Талғат Теменов досы Мұсағали Дуамбеков табиғат ананың тазалығы үшін күрескен адам екенін айтты.
Мен Мұсағалимен өткен ғасырдың 96-97 жылдарында танысып, содан бері сыйласып, бір-бірімізді көргенде құшақтасып, қалжыңдасып, риза болып қалатынбыз. Мұсағали жақсы азамат, жақсы дос болатын. Мұсағалидің негізгі мамандығы эколог деп жатырсыздар ғой. Экология – ол табиғат, табиғат ана. Табиғат ананы күрекпен қорғамайды, табиғат ананы жүрекпен қорғайды. Мұсағали табиғат, Жер ана, қазақ халқының руханияты, мәдениеті, ғылымы үшін өмір сүрген адам. Былтыр ойламаған жерден «аты жаман ауру» досымызды алып кетті. Өкінішке қарай, «ұзатқан қыздай» шығарып сала алмадық. Заман сондай болды. Бірақ Мұсағалидің өзі кетсе де, артында ісі қалды. Ол – қазақ жерінің, елінің табиғаты, әр ағашы, аспаны, таза суы. Сондықтан Мұсағали табиғат ананың тазалығы үшін күрескен адам. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Артынан іздеушісі, сұраушысы бар адам өлмейді, - деді режиссер.
Марқұмның әріптесі, жазушы, ғалым Сәдібек Түгел де жылы естелікпен бөлісті.
Бүгін елордада ерекше күн, ерекше шара өткізіліп жатыр. Жаңбыр да жауып тұр. Табиғатқа, Жер анамызға, ауылшаруашылығымызға қажетті ақ жаңбыр. Марқұм досымыз Мұсағали Сәрсенбайұлы осы ақ жаңбыр сияқты адам еді. Жүрегі кең, жүрегі ел, жер деп соғатын ірі тұлға болатын, - деп айтты ол.
Басқа да достары жылы естеліктермен бөлісті.
Айта кетейік, қоғам қайраткерін еске алу шарасына Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, үкіметтік емес ұйымдардың, оқу орындарының және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара соңында марқұмға құран бағышталып, ағаш отырғызылды.