Табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейді – Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қазақстан – нағыз дарынды жастардың еліне айналып, ұл-қыздарымыз барлық бағытта, әсіресе, білім саласында үздіктер қатарынан көрініп келетінін айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мұны тамаша жетістік деуге болады. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанына назар аударды.
– Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекет тарапынан барша дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалатынын жеткізді.
– Әлем тез өзгеріп жатқаны соншалық, таяу келешекте не боларын ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ білімге құштарлық, өз күшіңе сену, табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін ұмытпауымыз керек. Келешек туралы бір нәрсені сеніммен айтуға болады – түбі адам капиталын дамытуға және жаңа технологияларды экономика мен қоғамның барлық саласына енгізуге баса мән берген елдер озады. Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Сіздер, талантты жастар осы жасампаз үдерістердің алдыңғы шебінде жүресіздер. Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Олар елге жанашыр, табиғатқа қамқор, нағыз адал азамат болуын тілеймін. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдаймын. Мен жастарға сенемін! – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына алғыс айтты.
– Қазір біздің ортамызда саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларды үздіктер қатарына қосқан ұлағатты ұстаздар отыр. Сіздердің ерен еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қабілетті балаларды оқытып, оларды халықаралық жарыстарға даярлайтын педагогтерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – ең ізгі іс. Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет міндетті түрде ескереді. Үкімет пен өңір басшыларына осындай тапсырма беріледі, – деді Президент.
Бұған дейін Президент халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездескені хабарланды.