Тағы бір жалған ақпарат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті әлеуметтік желілер мен БАҚ-та пайда болған Қазақстанның дәріханаларында гуманитарлық көмек ретінде келген препараттардың, атап айтқанда, "Тамифлю" препаратының сатылуы туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды.
Пайдаланушылар өз жарияланымдарында "Тамифлю" препаратының қаптамасы Қазақстан Республикасының талаптарына сәйкес келмейді деп көрсеткен, сондықтан гуманитарлық көмекпен келген препарат сатылымға түсті деп болжаған.
"Тамифлю" препараты (сериясы 633180, жарамдылық мерзімі - 2024 ж. шілде) Қазақстан Республикасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес сараптамалық қаптамада бір жолғы әкелу рәсімі бойынша келіп түскен және гуманитарлық көмекпен келген дәрілік заттарға еш қатысы жоқ.
Пандемия жағдайында 75 мг капсуладағы "Тамифлю" (Осельтамивир) препаратына қажеттілік артты, соның салдарынан өндірістік қуат қазақстандық фармацевтикалық нарыққа препараттың қажетті мөлшерін өндіруге мүмкіндік бермейді. "Тамифлю" препаратына сұранысты қамтамасыз ету үшін АҚШ, Патеон Мэньюфэкчуринг Сервисэз ЛЛС (Patheon Manufacturing Services Llc) алаңында өндірілген препаратты жеткізу жүзеге асырылды.
АҚШ-та өндірілген "Тамифлю" препараты сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі бойынша ҚР-да тіркелгендерден айырмашылығы жоқ.
Қаптаманың бекітілгеннен айырмашылығы болғандықтан, картон қорабына негізгі ақпаратпен стикер жапсырылған, сондай-ақ, мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану жөніндегі нұсқаулық қоса берілген. "Тамифлю" препараты рецептурамен сатылатын препарат. Бұдан басқа бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға байланысты Қазақстан Республикасында тіркелмеген вирусқа қарсы дәрілік заттарды бір жолғы әкелудің тәртібі жеңілдетілгендігін хабарлаған болатын. Қазіргі кезде "Тамифлю" препаратының "633180" сериясы ҚР дәріханаларында сатылуда. Препараттың шыққан жері мен сапасына қатысты сұрақтар туындаған кезде препаратқа қоса берілген нұсқаулықта көрсетілген мекен жайға хабарласуды сұраймыз, - делінген хабарламада.