ТҮҚЖБ салымшылары 25 жылға мөлшерлемесі 5% несие ала алады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бөлінетін 28 миллиард теңге бюджеттік несие есебінен салымшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 25 жылға жылдық мөлшерлемесі 5%-дық жеңілдікпен несие алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 660 миллиард теңге жинағы бар 1 миллион 300 мың салымшы тіркелген. Бұл салымшылар мемлекеттік қолдау шаралары есебінен баспаналы болуға үміттенген «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетті қатысушылары. Бүгінде 44 700 салымшының 195 млрд теңге жинағы бар. Былтыр банк 38 300 қарыз берді. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 48%-ға артық. Жалпы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жүйесі баспана алудың ең тиімді инструменттерінің бірі болып отыр», - деді министр.

Жеңіс Қасымбек 2019-2020 жылдарға арналған «Республикалық бюджет туралы» заң аясында 2019 жылға 28 млрд теңге бөлу қолдау тапқанын айтты. Бюджеттік несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 20 жылға беріледі.

«Салымшыларға берілетін қарыздар бастапқы жарнасы 20% болған жағдайда 25 жылға жылдық мөлшерлемесі 5%-дық жеңілдікпен беріледі. Мысалы құны 8,5 млн теңге болатын 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайды. Бөлінген қаржы 1 жылдың ішінде 3111 салымшының қолжетімді қарыз алуына мүмкіндік береді. Қаржы алдағы 15 жылда үш рет айналымда болады, яғни тағы 6 мың салымшыға қарыз беріледі», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында 2019 жылы облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 2 мыңнан астам автобус іске қосылатынын мәлімдеді.

Назерке АБИБУЛЛА




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы