Тәуелсіздік жылдарында 320 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған – Тоқаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин жетекші корей компаниялары жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалардың көрмесін аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы бизнес форумды ұйымдастыруға белсенді атсалысқан Корея халықаралық сауда қауымдастығына ризашылығын айтып, бұл кездесу екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсуіне тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті Корея Республикасының Азия өңіріндегі ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Оңтүстік корейлік бизнестің 1996 жылдан бері Қазақстан экономикасына 7 миллиард долларға жуық инвестиция салғанын айтты.
"Біздің елдеріміз құрылыс инфрақұрылымында, ауыл шаруашылығында, машина жасау ісінде, қаржы, денсаулық сақтау және экономиканың басқа да салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Корейлік ірі бизнестің ынтымақтастыққа қызығушылық танытуы қуантады. Биыл корейлік компаниялардың қатысуымен Алматының үлкен айналма жолының құрылысы басталады. Бұл жоба тағы бір бірлескен «жетістік тарихы» болатыны сөзсіз", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы шетел капиталын тарту және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін Қазақстанда қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталды.
"Бүгінде Қазақстанда іскерлік бастамалар мен инвестицияларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалуда. Еліміз халықаралық аренада қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі ретінде танылды. Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі жөнінен Дүниежүзілік банктің «Doing Business 2019» рейтингінде 28-орында. Шетелдік инвесторлар кеңесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеуде. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 320 миллиард доллардан астам шетелдік тікелей инвестиция тартылған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Оңтүстік Корея басшысының мемлекеттік сапары және бизнес форум аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтудың негізі болатынына сенім білдірді.
***
Қазақстан-Оңтүстік Корея бизнес форумына екі елдің іскер топтарынан 500-ден астам өкіл қатысты. Шара қорытындысы бойынша машина жасау, медицина, инфрақұрылым және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты жалпы құны 3,2 миллиард доллар болатын 30-ға жуық құжатқа қол қойылды. Соның ішінде, Шымкент қаласында және Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына, «check-up» көпсалалы орталығын құруға, жеңіл автомобильдер, лифттер, кондитерлік өнімдер, теледидарлар, медициналық импланттар өндірісіне, медициналық мекемелер ашуға және басқа да салаларға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді.