Төтенше жағдай: Жеке кәсіпкерлердің несие бойынша төлемдері 3 айға тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жеке кәсіпкерлерге Қазақстанда Төтенше жағдай режиміне байланысты 90 күнге несие бойынша төлемдері кейінге қалдырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.

2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың белгілі бір салаларына қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты халықтың және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қажет,- деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, банктер мен несие нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болуы үшін барынша қашықтан қатынас жасау арқылы іске асырады.
ҚР банктер және банк қызметі туралы заңының 34-бабының 3-тармағына және микроқаржылық қызмет туралы ҚР заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай банктер және микроқаржылық ұйымдар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда төлем мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуі тиіс, - деді агенттік төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы