Төтенше жағдай кәсіпорынның жұмысына кері әсерін тигізген жоқ – Мұқаш Ескендіров

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы ең ірі химия өндірістерінің бірі – "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жамбыл өңіріндегі, өзге аймақтардағы алты мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған компанияның қазіргі қалыптасқан төтенше жағдай режімі кезіндегі ахуалы қандай? Жұмысшыларының қауіпсіздігін қамту бағытында қандай іс-шараларды атқарды, қандай қам-қаракеттер қарастырған? Осы сауалдарға жауап іздеп "Қазфосфат" ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровті әңгімеге тартқан едік.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, әлем елдерінің экономикасына әсер еткен індет кезінде Қазақстанның әл-ауқатын көтеруге күш салып отырған алпауыт мекеменің жағдайы қалай? Ел аумағында жарияланған төтенше жағдай режімі іргелі кәсіпорынның жұмысына кері ықпал етіп жатқан жоқ па?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындай білсек, жұрт басына түскен бұл қиындықты да еңсеретініміз анық.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының Степногорск қаласында, Шымкент қаласында орын тепкен инфрақұрылымдарымыз бен Түркістан облысының Созақ ауданындағы, сондай-ақ өзіміздің Сарысу, Талас аудандарындағы кен орындарымыз бен Тараз қаласы аумағындағы зауыттарымыз бар, компанияда барлығы 6 мың 200 жұмысшы-қызметкер еңбек етуде. Өндіріс ошақтарымыздың көпшілігі Жамбыл жерінде шоғырланған. Өнімдеріміздің 93-94%-ы экспортқа жөнелтілетін кәсіпорындағы бүгінгі ахуалды бірқалыпты деуге саяды.

Барлық жұмыс орындарымыз бен жұмысшылардың кіріп-шығатын есіктері мен дәліздері, жұмысшы-қызметкерлерімізді жұмыс орнына жеткізіп-алып қайтатын, автобустарымыз да тұрақты түрде залалсыздандырылып, қажетті антисанитарлық материалдармен толықтай қамтамасыз етілген. Бастапқы кезде қажетті медициналық бұйымдарды сатып алған болсақ, қазіргі таңда олардың басым бөлігін өзіміздің зертханалық цехтарымызда әзірлеп жатырмыз.

– Дәл қазіргі ахуалда көптеген ірі кәсіпорындардың тұралап, жұмысшыларын еңбекпен қамти алмай жатқандығына куә болып отырмыз. Ал сіздерде ше, қысқартулар немесе уақытша жұмысты тоқтату шаралары бар ма?

– Рас айтасыз, мұндай жағдайлар да орын алып жатқанын көріп отырмыз. Ал кейбір әлем мемлекеттерінің жетекшілері халқының тұрмысын төмендетіп алмау үшін алдымен экономикасына баса назар аударып, қыруар қаражаттарын салуда. Мұндай жағдайды біз де бастан өткеріп жатқанымыз рас. Алайда, біз үшін ең үлкен құндылық – адамдардың денсаулығы, халқымыздың амандығы. Сондықтан да оларды жұмыспен қамту мен күнкөріс мәселесін басты назардан түсірген емеспіз. Әлбетте, жұмыс орындарын уақытша жауып тастап, еңбеккерлерді үйлерінде отырғызып қоюға да болады. Бірақ мұның арты көп ұзамай-ақ жақсылық әкелмейтіні анық. Біздегі төтенше жағдай режімінде қолға алынған іс-шаралар да осы мүдденің айналасында іске асуда.

Өңірдегі шектеу шараларының күшейтілуіне байланысты әрбір қызметкерімізге жұмыс барысында қандай тәртіп орын алса, отбасында да сондай тәртіп пен тазалықты сақтау жауапкершілігі жүктеліп отырғаны ұдайы түсіндірілу үстінде.

– Қазіргі төтенше жағдай режімінің жұмысшылардың жалақысына кері әсері бар ма? Сонымен қатар, өнімдеріңізді өткеруде проблемалар туындап жатқан жоқ па? Жаңа бір сөзіңізде компания өнімдері негізінен экспортталатынын айтып қалып едіңіз...

– Біз биылғы 1 қаңтардан бастап барлық қызметкерлеріміздің айлық жалақысын 11%-ға өсірген болатынбыз. Жалақы да, салық та өз уақтымен төленіп жатыр. Мемлекетің қазынасынан әлі күнге ешқандай жәрдем алған емеспіз, әзірге өз күшімізбен ғана ілгерілеп келеміз. Жалақыны кеміту, штат санын қысқарту деректері болған емес. Керісінше, бос жұмыс орындарына қызметкерлер қабылдап тұрамыз.

Компанияның Алматы қаласындағы бас кеңсесінің қызметкерлері дистанциялық режімде үйлерінде жұмыс істеуге көшіпті. Ал жұмысшыларымызға өз қаражатымыздың есебінен барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Мәселен, көп балалы отбасыларға азық-түлік пакеттері таратылып, өзге де қолдау шаралары жалғасын табуда.

– Демек, ЖШС өнімдеріне де сұраныс кеміген жоқ қой, иә?

– Солай десем де, қателеспеймін. Біз өз өнімдерімізді Қытай Халық Республикасы, Еуроодақ пен ТМД елдері және Оңтүстік Америка мемлекеттеріне, өзге де алыс-жақын елдерге өткереміз. Қазіргі көктемгі егіс жұмыстары мен басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге қажетті минералды тыңайтқыштарға әлі екі ай көлемінде сұраныс тұрақты болады деп санаймын. Сонымен қатар, кір жуу құралдарына, фармацевтикаға керекті тағы да басқа өнімдерімізге сұраныс толастамайды. Сұраныс түрлерінің тек қана 5-10%-ы көлеміне ғана кемуі мүмкін.

Өздеріңізге де мәлім, төтенше жағдай мерзімінің уақыты белгіленбеген, ол қалыптасқан ахуалға әбден қатысты. Дегенмен, мемлекет, Үкімет басшылығы халықты тығырықтан шығаратынына сенгеніміз абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы