Төтенше жағдай. Бизнесті қолдаудың 7 бағыты әзірленді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бизнесті қолдау және еңбек  нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленді. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Оның айтуынша, бұл қолжетімді қаржыландыру, кепілдіктер беру, салықтық ынталандыру және бизнесті тексерулерді азайту,  сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары. 
Бірінші бағыт, "Бизнестің жол картасы 2020-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын синхрондау шеңберінде кәсіпкерлер үшін теңгелік қаржыландыруға қолжетімділікті көтеру көзделеді. Біріншіден, несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін 400 млрд теңгеге ұлғаяды. Қаражат ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қамсыздығын қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге берілетін болады. "Бизнестің жол картасы 2020-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғары шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Қазіргі кездегі шығындарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады, - деді ол. 

Сондай-ақ ол, "БЖК 2020-2025" бағдарламасында салалық шектеулер алынып тасталатынын және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасында басым тауарлар тізбесі кеңейтілетінін жеткізді. 
Екінші бағыт, кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін "БЖК 2020-2025" бағдарламасы шеңберінде орта бизнеске кредит сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Ол бойынша 50% кепілдендіру беріледі. Микро және шағын бизнес үшін 85% дейін кепілдік беру мен кредит сомасын 360 млн теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Жалпы кепілдік беру тетігі жеделдетіледі.  Үшінші бағыт – ағымдағы кезеңде орта бизнесті тексерулердің санын төмендету ұсынылады. Қазіргі уақытта микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланатынын атап өткен жөн, - деді министр. 

Төртінші бағыт – шағын және орта бизнестің жекелеген саласы үшін салықтық ынталандырулар көзделеді. Бұл ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт обектілері. Бұл санаттағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін 1 жылдық мерзімге мүлік салығынан босату ұсынылады. 

Бесінші бағыт – агроөнеркісіптік кешені субектілерін несиелендіруді ұлғайтудан бастап салықтық ынталандырулар көзделген. Мұнда биологиялық активтерді импортына салынатын құн салығынан босату болжанған. Сондай-ақ шашамен 7 мың ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілері  ауыл шаруашылыққа арналған жерлерге салынатын салықты төлеуден босатылады.

Алтыншы бағыт- жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің кірістерін салықтан босату ұсынылады. Арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлердің кірістері осы жылдың басынан бастап салықтан босатылғанын атап өткен жөн.  

Жетінші бағыт – еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде. Жалпы қаржыландыру 300 млрд теңгені құрайды. Өткізілген скрин тәжірибелер бойынша іріктелген өңірлердегі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 120 мың жұмыс орындары құрылады. Мұндай жобаларды іске асыру жолдарды, көпірлерді жөндеу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қайта жөндеу сияқты халықтың ең өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. 
Кеше мемлекет басшысы теледидар арқылы жасаған үндеуінде атап өткендей кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд теңге бөлінетін болады. Несиелерді субсидиялау және салықтық ынталандыру мәселелері қосымша пысықталды. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде 400 млрд теңгеге дейін қосымша өтімділік беріледі. Қызметтік бәсеңділікті сақтаудан басқа 200 мың жаңа жұмыс орны құрылады, - деді Руслан Дәленов. 






Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы