Т. Рысқұлов ауданында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді
Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектептің ашылуы ауданның 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген.
Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізуде.
Ағымдағы жылы білім беру жүйесіне 284,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты,-деген аймақ басшысы биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатқандығын, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетіндігін баса айтты.
Сондай-ақ, келер жылы қалған 11 нысанның құрылысы аяқталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің 7-нің құрылысы ағымдағы жылы басталса, 5-уі 2024 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.
Айта кетейік, жаңа білім ошағы 12 оқу бөлмесі, зертхана кабинеттерімен, асхана, кітапхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтылған. Жылу жүйесі газбен жабдықталған.