Тәртіп сақшысына қол жұмсаған ер адам қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдайға бағынбай тәртіп сақшысына қол жұмсаған тараздық қамауға алынды.

2020 жылдың 1 сәуірінде Байзақ ауданындағы блок-бекетте автокөліктерге тексеру жүргізу барысында, кезекшіліктегі Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Алматыға бет алған Toyota Corolla маркалы автокөлікті тоқтатқан. Аталған автокөліктегі жолаушы ер адам заңға бағынбай, полиция қызметкеріне дене жарақатын келтірген – деп жазады Polisia.kz.

34 жастағы Тараз қаласының тұрғыны полиция қызметкерінің төтенше жағдай талаптарына сәйкес, тиісті құжаттарынсыз блок-бекетінен өткізбей, шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған.

Күдікті кінәсін мойындап, ҚР ҚПК-нің 128-бабымен Тараз қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған – делінген хабарламада

Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы (төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілінің заңды талабына бағынбау) және 380-бабымен (билік өкіліне қарсы күш қолдану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы