Тәртіп сақшылары аналар мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Астана, BAQ.KZ. 8 Наурыз мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы» аналар мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қайырымдылық акциясы барысында «Мойдодыр» дүкенінің басшысы аналарға арнап әкелген сыйлықтарын табыстады. Ал, жеке кәсіпкер Қалдыбек Ербосынов өз отбасының атынан орталықтағы кішкентай бүлдіршіндерге әртүрлі жемістер тарту етті.

«Көктемнің шуақты күні аналар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған кәсіпкер Айымгүл Дәулетқызына, жеке кәсіпкер Қалдыбек Ербосынов мырзаға үлкен алғысымызды айтамыз. Орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын облыстық Жергілікті полиция қызметіне ризашылығымызды білдіреміз»,- деді орталық директоры Сұңқар Қадіров.

Айта кетейік, аталған орталық былтыр маусым айында ашылған. Орталық отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерді және олардың балаларын алты ай мерзімге және бір уақытта жиырма адамды қабылдай алады.

«Орталықта әйелдерге құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі. Биыл ол жерге 21 тұлға, оның ішінде 7 ана, 14 бала орналастырылды», - деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары «Әйел – отбасы шырағы» қайырымдылық акциясы барысында Б. Римова атындағы Драма театрының басшылығы орталықтағы аналарды сахналық қойылымдарын тамашалауға шақырып отырғанын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы