Төрт облыс аумағында геологиялық барлау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Taý-Ken Samuryq" ұлттық тау-кен компаниясы Қазақстанның төрт облысының аумағында ауқымды геологиялық барлауды бастайды.  Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Геологиялық барлау жобасы әріптесіміз - "Қазақстан Фортескью" компаниясымен бірлесіп іске асырылатын болады.

"Taý-Ken Samuryq" ҰТК" АҚ мен "Қазақстан Фортескью" ЖШС арасындағы қол қойылған операторлық келісімге сәйкес іздеу жұмыстары Қарағанды, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аумағында жалпы алаңы 18 000 км2 жүргізілетін болады.


Біз геологиялық барлау жобасын іске асыруға  ірі инвесторды тарттық. Келісімшарттық алаңның мөлшерін ескерсек, бұл Қазақстанның жер қойнауының зерттелуін арттыруға елеулі үлес болады. Болашақта біз коммерциялық маңызды кен орындарын табамыз деп үміттенеміз, - дейді "Taý-Ken Samuryq" ҰТК" АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.
"Қазақстан Фортескью" ЖШС-металлургия өнеркәсібінің әлемдік көшбасшысы австралиялық "Fortescue Metals Group Ltd" жүз пайыздық еншілес компаниясы. "Fortescue Metals Group" өндірістің жоғары мәдениетіне, инновацияларға, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым мен тау-кен активтерінің озық дамуына бағдарланған.


Fortescue экономиканы электрлендіру мен көміртексіздендіруді қолдай отырып, өнімдерді әртараптандыру және активтерді дамыту есебінен болашақта өсуді ынталандыру үшін  өзінің әлемдік деңгейдегі геологиялық барлау тәжірибесіне, өндірістік беделіне, өз қызметкерлерінің дағдылары мен қабілетіне сүйенеді. Біз мысты қоса алғанда, бірқатар шикізат тауарларына байланысты мүмкіндіктерді зерттеу үшін "Taý-Ken Samuryq" компаниясымен бірге қызмет етеміз, - дейді "Fortescue Metals Group" компаниясының бас атқарушы директоры Элизабет Гейнс.
Бірінші жыл ішінде "Қазақстан Фортескью" қолда бар геологиялық деректерді жинап, талдайды, сондай-ақ магниттік және гравитациялық деректерді жинау үшін кең ауқымды аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізеді.

Геофизикалық түсіру кейінгі жылдары минералданудың перспективалы аудандарын анықтау және талдау үшін құрылымдық геология мен картаға түсіруді егжей-тегжейлі түсіндірумен, сондай-ақ кешенді жерүсті геофизикалық зерттеулермен және бұрғылаумен толықтырылатын болады.

Айта кетейік, Австралиялық Fortescue Metals Group Ltd компаниясы – Австралиялық қор биржасында тіркелген, нарықтық капиталдандыруы 30 млрд долларды құрайтын жария компания. Fortescue Metals Group өзі жұмыс істейтін өңірлердің экономикалық дамуын, қауіпсіздігін, еңбекті, экологияны қорғауды қолдауға және жергілікті қоғамдастықтарды жан-жақты қолдауға ерекше назар аударады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы