Түрлеріңіз қазақ, тілдеріңіз басқа: Бекболат Тілеухан депутаттарға ұрсып тастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан депутаттық сауалды мемлекеттік тілде жолдамаған әріптестеріне ренішін білдірді.

Сіздер дұрыс түсіңіңіздер, депутаттық этикаға сай емес сөз айтқалы тұрмын. Мен сіздерді түзеп күстәналап жатқан да жоқпын. Айтқым келгені, осымен екінші отырыс қатарынан мемлекеттік тіл депутаттық сауал беру статусынан айырылған секілді. Өткенде 6-7 сауал болды, біреуі де қазақша айтқан жоқ. Ал бүгін алты сауалдың бесеуі мемлекеттік тілді қажетсінбеді. Елбасының "қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" деген сөзі бар. Ең болмаса, қазақ депутаттар сіздер мемлекеттік тілде сауал жолдасаңыздар болар еді ғой?, - деді Бекболат Тілеухан.
Ол депутаттық сауал - табан астында импровизациямен шығатын дүние немесе диалог емес. Сондықтан дайындалып келуге болатынын айтты.
Үлкен зерттеу мен терең зерттеуден кейін сөз алынады емес пе? Көмекшілер, аударма бөлімі бар. Сырттан теледидар арқылы қарап отырғандарға бұл жиналыс Нұр-Сұлтанда емес, басқа жерде болып жатқан секілді көрінуі мүмкін. Түрлеріңіз қазақ, бірақ ауыздарыңыздан мемлекеттік тілде сөз шығып жатқан жоқ. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Енді ол парламент қабырғасында жетімнің күйін кешсе, не болады? Нұрлан Зайроллаұлы (Мәжіліс төрағасы Нығматулин - тілші) әріптесіміз Микаелянның сауалына қазақша жауап бермеген шенеунікті қалай орнына қойдыңыз, халық соған қатты риза болды. Баяғыда біреу, "қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын" депті ғой. Әріптестер дұрыс түсіңіздер, - деді депутат.

Ал өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптесін қолдап, "дұрыс айтатын жерде айту керек" деді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы