Түркия Қазақстан үшін стратегиялық әріптес – Мәжіліс төрағасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі қарсаңында Түркия ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл кездесу екіжақты, соның ішінде, парламентаралық іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылаудың ерекше мүмкіндігі. 

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Түркия Қазақстан үшін тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары ортақ бауырлас мемлекет болумен қатар, стратегиялық әріптес ел. 

Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның өзара түсіністігі мен достығына негізделген салиқалы саясаттың арқасында екі ел көпжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Қазіргі уақытта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытты одан әрі жүйелі түрде жалғастыруда. 

Өз кезегінде Мұстафа Шентоп арнайы шақыруға алғысын жеткізе келіп, Қазақстанның қарқынды даму деңгейіне жоғары баға берді. Және Түркия президентінің біздің елмен әріптестікке әрқашанда зор көңіл бөлетінін, Қазақстанның әрбір жетістігі мақтаныш екенін атап өтті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жолында белсенді жұмыс атқару керектігіне тоқталды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы