Түркістанның жеті құпиясы
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Тарихы біздің заманымызға дейінгі жылдардан басталған Түркістан қаласы – бұрынғы мен бүгінгінің тал бесігіне айналып отыр.
Қазған сайын құпиясы ашылып, тереңдеген сайын тылсымы айқындала беретін, бірақ бар жұмбағы еш таусылмайтын Түркістанның ішіне бүккен сыры көп. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласында ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі төтенше жағдай кезінде Түркістан кереметін танытуды тоқтатпаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі онлайн-лекциялар өткізіп жатыр. Сондай онлайн-лекцияның бірін тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев өткізді. Белгілі ғалым "Түркістан құпиялары" атты онлайн-лекция Түркістан өңіріндегі жер-су атауларының шығу тарихы, көне Түркістан қаласының жұмбақ сырлары мен аңыз-әңгімелердің мәні, халықтың сенім-нанымдары туралы көптеген мәлімет айтты. Ғалым сөзін ықшамдап, бірақ еш өзгертпей қаз-қалпында жазып алдық. Қаншама құпияға қанықтық.
"Түркістанның басты құпиясы – Күлтөбе"
Тарихшы Жамбыл Артықбаев әңгімесін Түркістан тарихының айғағы, анық дәлелі Күлтөбеден бастады.
Түркістандағы Әзірет Сұлтанға сырттан келген ғалымдар, шетелдіктер тағы қандай жерге баруға болатындарын сұрайды. Сонда шырақшы: "Күлтөбеге көтеріліңіздер" деген екен. Сөйтіп Күлтөбенің тарихын түсіндірген. Күлтөбе дегеніміз Әзірет Сұлтан кесенесінен 300 қадам жерде орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары жүріліп жатыр. Беткі кезеңі ғана қазылды. Ал түпкі терең қабаттары әлі де қазылмады. Қазба жұмыстары Түркі кезеңіне дейін жетті. Бұл Күлтөбенің ескі атауы – Яссы. Оның төменгі қабаттары Тұран дәуіріне барады. Бұл біздің жыл санауымызға дейінгі 2 мыңжылдыққа кетеді. Мен П.И. Рычковтың кітабы сияқты жазбаларды көп пайдаланамын. 1730 және 1740 жылдары жазылған дүниесі бар. Рычков сол кітабында үлкен мұсылман және татар ғұламаларынан Түркістанның тарихы жайлы сұрағанын айтады. Сонда ол ғұламалар Түркістан тарихы бүкіл Орталық Азиядағы Шығыс Түркістан, Бұхара, Мәуереннаһр мәдениетінен одан ары қарай ілгері дәуірде болғанын айтқан. Адамзат өркениеті осы Түркістаннан яғни Күлтөбе Яссы деген жерден басталған, дейді. Тіпті мемлекеттердің осы жерден ескі құрлыққа тарағанын айтқан. Түркістан Яссы болған уақытында Шығыс Түркістан, Бұхара, Қашқар сияқты қалалары болмағанын айтқан екен. Мұның бәрін болашақтағы қазба жұмыстар осы дүниелерді көрсетсе керек. Мұны Түркістанның басты құпиясы ретінде санасақ болады,-дейді Жамбыл Артықбаев.
Оның айтуынша, мұнда бір мәселе бар. "Түркістанның басты құпиясын анықтаймын" деп, бүкіл Күлтөбені қазып тастауға болмайды.
Бір мәселе - Күлтөбені түгел қазып салуға болмайды. Ресей археологтары Арқайым қаласын түгел қазбаған. Бір ғана сегментін қазған да қалған бөлігін сол қалпында сақтаған. Сол сияқты Күлтөбенің де тек бір сегментін қазып, сол арқылы төмендеп, қалған негізгі төбе сақталуы керек. онда бүйірінен қарап, барлық тарихи кезеңдерді көріп отыруға болады. Түркістанның тағы бір құпиясы осында болар,-деді ол.
"Түркістанға "біртұтас мегаполис" деп қарау керек"
Ғалымның айтуынша, Түркістанды "Қырық қақпалы қарашық" деп атайды.
Түркістаннан Қарнаққа қарай бара жатсаңыз, Қарашық деген шағын ауыл кездеседі. Қазақ-өзбек аралас халық тұрады. Егер сіздер ескі Түркістан, ескі Ташкент, ескі Бұхара тарихын білсеңіз, Бұхараның қақпасы 10 қақпа, ал Ташкентте 5-ақ қақпа болған. Бұхарада 100 мыңнан астам адам және мыңдаған үйлер болған. Өте үлкен қала болған. Енді қырық қақпа деген ұғым бар. Түркістан өңірін жақсылап зерттесе, Түркістан маңайындағы 32 қалашықтың басын біріктіретін ортақ қақпа табылады немесе табиғи қорғандарды да қолдануы мүмкін. Бұл тек Қарашыққа немесе Түркістанға айтылған сөз емес. Бұл барлық 32 қалашықты қосып, қазіргі тілмен айтқанда мегаполис ретінде қарауға болады. Бұл да бір құпия,-деді Жамбыл Артықбаев.
"Сауран қаласының құпиясы – жер астындағы көне қабырға"
Түркістан қаласының жанында Сауран қаласы бар. Ғалым сөзінше, Түркістанға ең жақын әрі ең әдемі қала да осы Сауран. Сауранды көрген адам нағыз ортағасырлық қаланы көргендей болады екен. Әлі күнге дейін қорғаны сақталған. Бақсадан соғылған. Бұл қорған Қазақ хандығы дәуірінде жасалған.
Бірақ Сауранның құпиясы бұл қорғанда емес. Сауранның құпиясы жер астында қалып қойған көне қабырғада. Бұл Қарахан дәуірінде кәдімгі күйген кірпіштен жасалған қабырға. Бірнеше жыл бұрын Мадияр ағамыз соны ашып, қазба жұмыстарын жасады. Түркістан құпиясы мен Сауран құпиясы дегенде осы ескі қабырғаға акцентті көбірек беру керек. Бертін заманда өркениеттің нашарлағаны сонша қабырғаның жоғары қабаты саз балшықтан соғылып, кірпіштен қаланған. Ал төменгі қабатында жаңағы Қарахан дәуірінің кезеңінде біз күйген кірпіштен қаланған қамал қабырғасын көреміз. Осыдан-ақ өркениеттің бірте-бірте әлсірегенін аңғаруға болады.
Саурандағы бір қызық дүниенің бірі - кәріз жолдары. Орындары сақталып тұр. Егер бүгін оған реконструкция жасалатын болса, бұл өте бір әдемі дүние болар еді. Бұл кәрізді Үндістаннан әкелінген құлдар немесе ирандықтар жасады деп әртүрлі айтады. Жалпы кәріз ертеден келе жатқан нәрсе. Ыстық өлкелерде қашан да кәріз құдықтары пайдаланылған. Бірнеше құдық қазылып, астынан арық жүргізіліп, судың бағытын белгілі бір жаққа бағыттап отырады. Ыстық кезде кәріз құдыққа түсіп, салқындап демалып отыруға болады екен. Түркістанның жанында Кәріз деген шағын ғана аңшылақ бар. Қазір Түркістанның ішіне қосылып кетті. Кәрізден шыққанда Алаңбұлақ деген бұлақ бар. Алаңбұлақтан Түркістанға дейін оншақты құдықтың ізі жатыр. Су Алаңбұлаққа дейін келіп Түркістанға жерасты жолдарымен жеткен. "Түркістан жаугершілік заманда қалай қорғанды" десек, осы судың арқасында қорғанып отырған. Ауылдың Кәріз атанып кеткені де содан болған. Кәрізге жауапты адамдар да болған. Міне бұл да бір Түркістанның ерекше құпияларының бірі, - деді Жамбыл Омарұлы.
Түркістандағы жеті нақ
Түркістан өңірінен хабары бар адам бұл өңірде нақ сөзіне аяқталатын мекен атаулары көп екенін біледі. Тарихшы Жамбыл Артықбаев сол мекен атауларының да құпиясын ашып айтты.
Түркістан өңіріне қатысты тағы бір құпия ол осы өңірде жеті нақ бар. Олар - Сунақ, Қарнақ, Жүйнақ, Тошанақ, Шорнақ және тағы сол сияқты жеті қалашық болған. Түркістан өңірін айнала орналасқан. Осы жеті нақ ерте заманда жер асты жолдары арқылы бір-бірімен байланысқан. Ол жолдар бертін салынбаған. Сонау Ария дәуірінде салынған болу керек. Жер асты жолдары бертінге дейін тек аңыз күйінде белгісіз болып келді. Дегенмен соңғы жылдары археологтар ашып жатыр. Кәдімгідей шегендеп салған үлкен жер асты жолдары. Әр жерінде ауаны сыртқа шығарып, және сырттан ауа алып тұратын арнайы қондырғылар жасалған. Бүгінде сол қондырғылардың бәрі жабылып қалғандықтан о жерде демалу қиын. Мен Түркістаннан Сайрамға дейін де жер асты жолдары болғанын ертеде естігенмін. "Ахмет Яссауи қылуетке түскен уақытында Сайрамға барып келеді екен-мыс" деген әңгімелерді еститінбіз. Мен ол жерасты жолдары болғанына еш күмәнданбаймын. Сығанақ пен Қарнақ арасындағы жерасты жолдарын көрген адаммын. Жаугершілік уақытында осы жеті нақ бір-бірімен осылай жерасты жолдарымен байланысқан, - деді Артықбаев.
"Қарнақтағы көк тастарды зерттесе, талай құпия ашылады"
Ғалым Қарнақ елдімекенін Бұқар жырау кітабын жазған уақытында зерттеген екен.
Қарнақта 20 ғасырдың басына дейін 4 үлкен медресе болған. Барлығы 20-ға жуық медресе болыпты. Бұлар Қазақ хандығы дәуірінен қызмет жасап келе жатқан үлкен білім ордасы деп айтуға болады. Ең соңғы Қарнақта білім алған қазақ төрелері – Кенесары мен Наурызбай. Бұл жайлы мен олардың соңғы ұстаздарына дейін жаздым. 18 ғасырдың басында Ақтабан шұбырындыға дейін бұл жерде Бұқар жырау Қалқаманұлы кәдімгі профессор деңгейде қызмет жасаған. Қарнақтың неше түрлі құпиялары бар. Қарнақтың жанында үлкен бір зират, яғни қорым жатыр. Осы зиратты жақсылап зерттеу керек. Өйткені, ішінде толы көк тастар. Екі жазумен жазылған. Біз қазір төте жазуды оқығанымызға мәз боламыз ғой. Сол жердегі жазуларды оқу үшін үлкен білім керек. Мен ол жер зерттелсе, көне араб және Орхон жазуларының нұсқалары табылып қалар деп ойлаймын. Көк тастардың барлығы зерттелу керек. Олардың барлығын бертін келе исламмен байланыстырып қойған. Негізінен исламға дейінгі дәуірдің ескерткіштері де мол. Сол жерде жақсы күтім болғанымен, зерттеушілер жағы нашар. Бұл жерде ғылыми зерттеу лабораториясы ашылса жақсы болар еді,-деді тарихшы.
"Созақ – Қарахан дәуіріндегі Қарахан әулетінің пантеоны"
Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Түркістанның керемет өркендеген уақыты Қарахан дәуіріне жатады. Әйтсе де қазақ тарихындағы Қарахан дәуірі әлі жақсы зерттелмеген.
Монографиялық еңбек те шығара алмадық. Сондай бір салақтық таныттық. Біз бұл тақырыпты қырғыз-өзбек әріптестерімізге беріп қойдық. Осы екі елдің ғалымдары Қараханға байланысты ғылыми еңбектерді шығарды. Қарахан дәуіріне қатысты ескерткіштердің бір бөлігі, яғни бір кешені ол – біздің Созақ жерінде Қарабура кесенесі. Созақ – Қарахан дәуіріндегі Қарахан әулетінің пантеоны. Қазақ әлі күнге дейін ол жерді төбесіне көтеріп, тәу етіп тұруының себебі сол. Хантағы деген жер бар. Қаратаудан Созаққа қарай өткен жолда жатыр. Бұл Хантағы сонау Оғыз дәуірінен бергі ескерткіш. Халық айтуында, Оғыздың балалары сол жерге жерленген. Әбілғазы Баһадүр хан шежіресіне қарағанда Оғыз Қаған біздің пайғамбарымызға дейінгі 3400 жылдары жасаған дейді. Әбілғазы хан өзіне дейінгі шежірелердегі деректерге сүйенген. Оны біздің жыл санауымызға алып келсек, б.з.д 200-жылдар болады. Сонда Оғыз қаған дәуірі – сонау қола дәуірінің басы. Қарахан дәуірінде сол жерде үлкен кеніш, зиярат ететін орындар болғанын айтуымыз керек. Бабай ата, Баба түкті Шашты Әзіз ескерткіштері – Созақ өңірінің осы айтып отырған жағдайдың дәлелі боп тұр. Түркістан өңіріндегі Созақ жері "Аспан астындағы ескерткіш" деген мәртебе бере салатын жер. Әлі күнге дейін ол жерде су дирмені бар. Қазір еліміздің қай жерінде су дирмені сақталған? Бұл жерде 19 ғасырда салынған су дирмені бар,-деді ғалым.
"Иқан ауылы – оғыздық өркениеттің ескерткіші"
Шымкенттен Түркістан қаласына барар жолда, Түркістанға жақын маңда Иқан ауылы бар. Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Иқан ауылы – Оғыздық өркениеттің ескерткіші.
Бұл ескі дәстүрлі ауыл. Иқандықтар әлі күнге дейін Оғыз тілінің диалектісінде сөйлейді. Егер ортағасырлық Оғыз тілін зерттесек, Иқаннан бастау керек. Иқан және Қарабұлақ ауылдары – Оғыздық негіздері өте күшті ауылдар. Мен осыдан 20-25 жыл бұрын барған кезімде ескі Иқанда ескі мәхәлла, яғни ескі көшелері болушы еді. Қазір қаншалықты сақталғанын білмеймін. Сол көшелердің бірнешеуін музей есебінде сақтап қалуға болар еді. Ол кезде көшенің екі жағы дуал. Екі жағынан түк көрмейсіз. Дуалдың ортасымен өтесіз. Көше жаққа бір де бір әйнек қарамайды. Дуалдың шағын есігінен кірсеңіз, үлкен аула. Бүкіл тіршіліктері осының ішінде болып жатады. Иқан орта ғасырлық ескі қалашықтарды еске түсіретін сондай бір ауыл еді. Оғыз мәдениетінің сарындары бұл жерде сақталған. Бұл да Түркістанның бір құпиясы,-деді ғалым.
Онлайн-лекция барысында ғалым Жамбыл Артықбаев айтқан құпия көп. Бәрі қызық, бәрі тылсым. Айта кетейік тоқтатпаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастыратын онлайн-лекциялар тағы да жалғасады. 5 мамыр күні сағат 11:00-де Толқын Жолдасов "Нумизматикалық жәдігерлердің зерттелуінің тариx ғылымындағы орны" тақырыбында онлайн-дәріс оқыса, 6 мамыр сағат 11:00-де Әсем Орынбекованың "Түркістан өңіріндегі киелі орындар" тақырыбындағы онлайн дәрісі болады.
Тап сол күні сағат 15:00-де Зікірия Жандарбек "Қожа Ахмет Ясауи және қазақ руханияты" тақырыбында онлайн дәріс оқиды.
7 мамыр күні сағат 11:00-де Күнсұлу Әсетова "Қ. А. Ясауи кесесіндегі эпиграфикада қолданған жазу үлгілері" тақырыбында онлайн экскурсия жасайды.
Ал 8 мамыр күні сағат 15:00-де Жамбыл Артықбаев "Түркістанның отырықшылық мәдениеті" тақырыбында онлайн дәріс өткізеді.
Онлайн-дәрістер бұған дейін өткізіліп келді. Барлық онлайн дәрісті "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Youtube каналынан және Facebook парақшасынан көруге болады.