Түркістан облысында бірыңғай ахуалдық орталық іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Шардара ауданында емханалық және стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында Қазақстан бойынша баламасы жоқ "Бастапқы медициналық-санитариялық көмек бойынша Ахуалдық орталығы" іске қосылды.

Жаңа орталықтың міндеті - медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалау және өңдеу. Сандық жүйеге 100 пайыз қосылған.

Ахуалдық орталық Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының базасында ашылып отыр. Бұл жүйе аймақтың денсаулық сақтау саласын бақылау мен басқарудың тиімді құралы болып танылды, яғни, әрбір аудан бойынша медициналық мекемелердің шұғыл әрекет ету шараларын қолдану арқылы онлайн талдау жүргізіледі.

Жаңа жүйені үйрену үшін сала мамандарына арналған семинар өтуде. Жиында облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуы мониторингі жүргізілді.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта дәл осындай орталықтар Түркістан облысына қарасты барлық медициналық мекемелерде ашылатын болады. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек жұмысы аудан орталықтарынан шалғай ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады.

Сонымен қатар, аталған орталық арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен басқа да ресурстарды қадағалап отыруға болады.

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы