Түркістандық шаруа қызанақтың 40 түрін өсіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Келес ауданы Біртілек ауылдық округінде "Нұржан" шаруа қожалығы 2011 жылдан бері жылыжай кешенімен айналысып келеді. Онда қызанақтың 40 түрлі сорты егіледі.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қызанақтың черри сортынан 10 түрі, үлкен қызыл қызанақтың 23 түрі, қызғылт сортынан 12 түрі бар. Қазіргі таңда шаруа қожалықтың іс басқарушысы Нұржан Омаров 4,5 гектар аумаққа қызанақ еккен. Одан күнделікті 15 тоннаға жуық өнім алуда. Осылай шаруа 6 ай бойы бейнетінің зейнетін көреді. Өнімін отандық нарыққа жөнелтуде.

Бұдан бөлек, жылыжай кешенінде баялдының 2 түрі, қияр, құлпынай өседі. Шаруа қожалықтың жалпы жер көлемі –- 11 га. Жылыжай көлемі – 5,6 га. Бүгінде 10 адам тұрақты, 35 адам маусымды жұмыспен қамтылған. Кешеннің ерекшелігі – озық технологияны қолдана отырып тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету. Айта кетерлігі, шаруа қожалық жылыжай кешеніне қажетті жабдықтарды да өзі өндірумен айналысады.

Сонымен қатар, Келес ауданында суармалы жерлерді көбейту мақсатында канал, ашыртқы жүргізу жұмыстары қарқынды жүруде. Өңір аумағындағы каналдар мен қашыртқылардың көпшілігі Келес өзенінен тарайды.

Сонымен қатар, көрші Өзбекстан Республикасымен қатар, Сарыағаш ауданынан келетін су жүйелері бар. Өткен жылы жалпы ұзындығы 120 шақырымдық 28 канал мен 10 қашыртқы су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Сол ілкімді істер биылғы жылы жалғасын тауып, өңір диқандарының сұранысы қанағаттандырылуда. Жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 13 каналға механикалық тазалау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес, ұзындығы 117,6 шақырымдық 24 канал мен қашыртқыларға тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы