Түркістанда жаңа мектеп ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа білім нысанының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Жаңа жыл қарсаңында есігін айқара ашқан білім ұясы 900 орынға лайықталған. Жиналған жұртты білім мекемесінің ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы жаңа мектептің ішін аралап көрді.
Заман талабына сай салынған ғимаратта пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлме бар. Барлығы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Құрылысы 2018 жылы басталған үшқабатты білім ұясы көгілдір отынмен жылытылады. Толығымен орталықтандырылған су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Заманауи мектептің жалпы аумағы 12 мың шаршы метр, - делінген хабарламада.Жалпы Түркістан облысында 905 (оның 6-ауы жекеменшік) жалпы орта мектеп жұмыс істейді, онда 481 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өскелең ұрпақты 60 мыңға жуық мұғалім білім нәрімен машықтап, дәріс беруде. Олардың 18 пайызы жас мамандар.
Ал дарынды балаларға арналған 12 мектеп-интернат бар. Аталған мекемелерде 3000 астам оқушы білім алады. Арыс, Бәйдібек, Келес, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Созақ аудандарында дарынды балаларға арналған мектептер қарастырылмаған. Осыған байланысты бұл аудандарда дарынды балаларға арналған мектептерді 2020 жылы ашып, жалпы 2000 оқушыны қамту жоспарлануда. Сондай -ақ, облыс орталығында Абай Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған гуманитарлық бағыттағы мектепті ашу жоспарланған.