Түркістанда жаңа емхана пайдалануға берілді
Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Бірінші Мамыр ауылдық округінде 20 мың жергілікті халыққа қызмет етуге шақталған ауылдық емхана ел игілігіне берілді.
Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге барған облыс əкімі Жансейіт Түймебаев ғимараттың ішін аралап көріп, медициналық нысан ұжымын халық денінің саулығы үшін аянбай қызмет етуге шақырды.
"Құрметті, төлебилік ағайын! Бүгін, міне, ауылдарыңызға жақсы жаңалықпен бөлісуге келіп отырмыз. Бірінші Мамыр ауылынан бой көтерген емхана дендеріңіздің сау болып, емен-жарқын өмір сүрулеріңізге себепші болсын. Мұнан бөлек, былтыр, 2018 жылы ауданда модульдік конструкция әдісімен жобалық құны 210 млн. теңгені құрайтын 7 медициналық бекет салынды. Олар - Оңтүстік, Жоғарғы Қасқасу, Қорған, Әңгірата, Алшалы, Ақайдар, Төңкеріс елді мекендеріндегі нысандар. Осынау медициналық ғимараттар аудан халқының белі ауырып, балтыры сыздамайтын жағдайда қызмет етуіне атсалыса берсін!", - деді аймақ басшысы.
Төлебидегі Бірінші Мамыр ауылдық округіне Бірінші Мамыр, Тағайна, Ынтымақ, Алғабас, Жаңажол, Бейнеткеш, Зағамбар елді мекендері қарайды. Жаңа нысан осынау жеті ауылдағы 19 799 адамға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін болады. Қызмет көрсету радиусы - 11 шақырым. Мұнда бір ауысымда 100 адам келіп ем шараларын қабылдай алады. Сонымен бірге, ғимаратта 1 топ дәрігерлік жедел медициналық жәрдем көрсету бөлімі де орналасқан.
Мұнан кейін, аймақ басшысы Достық ауылдық округіне қарасты Ақайдар-1 елді мекеніндегі модульдік конструкция әдісімен салынған медициналық тіректің жұмысымен танысты. Ғимарат 600-ден астам тұрғынға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.
Жалпы, Төлеби ауданында 54 денсаулық сақтау мекемесі жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.