Түркістанда коронавирусқа қарсы жұмыс күшейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында Қытай елінен шыққан қауіпті індет тіркелген жоқ, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін жұмыс тобы әлемді дүрліктірген короновирустың алдын алу жұмыстарын пысықтады. Жиынға төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев басқарма басшыларына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Шешуін кейінге қалдырмауды талап ететін негізгі мәселелер ортаға салынып, короновирус инфекциясының тарауына жол бермеу шараларының кешенді жұмыс жоспары бекітілді. Облысқа қарасты 5 қорғаныс бекетінде қырағылықты күшейтіп, шұғыл дайындықта болу баса айтылды. Аурудың белгілері байқалып, күдік туындаған жағдайда науқас шұғыл түрде 14 күнге оқшауланады. Тиісті сынама талдаулары Алматы қаласындағы қауіпті инфекцияларды бақылау Ұлттық ғылыми орталығына жолданады.
Тапшылық болмас үшін бетперде шығаратын мекемелерге олардың санын арттырып, бағаның шарықтауына жол берілмеуі ескертілген. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық медициналық дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтар, арнайы киімдер де жеткілікті. Аудандар қосымша көлік капсулаларымен қамтылмақ. Алдағы уақытта өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау және алдын алу шараларын күшейту бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы жүйелі түрде өткізілетін болады. Жалпы, Түркістан облысы бойынша жағдай тұрақты және сақтық шаралары қатаң бақылауда.