Түркістанда дәрігерлер қарияның тізе буынын алмастырды

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында жергілікті және шетелдік дәрігерлердің бірлескен тобы салмағы 120 кг әйелдің тізесіне жасанды буын қойып берді. Осылайша, түркістандық және шетелдік дәрігерлер қарт науқасты аяғынан тұрғызды.

 

Германиядан келген профессор Шнетлер Рейнер мен ресейлік профессор Денис
Римашевский облыстық клиникалық ауруханасында түркістандық дәрігерлерге тізе буынын ішкі протездеу отасын жасау бойынша шеберлік сабағын өтті. Олар салмағы 120 келі әйелдің тізе буынындағы жарамсыз шеміршегін тазалап, орнына жасанды буын қойып берді. Буын алмастыру отасы бес сағатқа созылды. Науқасқа “Страйкер” фирмасының жасанды исплант қойылды. Күрделі ота сәтті аяқталды.

 

Пышаққа түскен әйелдің буын ауруы семіздіктен пайда болған. Семіздіктің салдарынан аяққа ауырлық түсіп, бес жылдан бері қимыл қозғалысы шектелген қария жасанды буынның арқасында тік жүріп бастады. Операция Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында өтті.

 

Дәрігерлердің айтуынша, буын ауруы мазалайтындардың басым бөлігі семіздікке шалдыққан азаматтар. Соңғы жылдары артық салмақтың кесірінен аяғын баса алмай қалғандардың саны көбейіп жатыр. Семіздікке шалдыққандардың басым бөлігінің тізе буыны зақымданады.

 

Мәскеу қаласындағы РХДУ дәрігері Денис Ремашевскийдің сөзінше, артық салмақ әр түрлі қосымша аурулардың қозуына себеп болады.

 

«Бүгінде семіздік дерті эпидемияға айналып барады. Қанша жерден білікті маман болсам да артық салмағы бар азамтаттарға операция жасағанда қиналамын. Өйткені мұндай операция кезінде барлық элементтерді тура 100 пайыз дұрыс орындап шығу аса маңызды. Сондықтан бұл қиындықты дер кезінде шешкен дұрыс»,-дейді Д. Ремашевский.


Германия және Ресей дәрігерлері Түркістан өңіріне бұған дейін де келген. О кезде де мамандар облыстық клиникалық ауруханада буын алмастыру отасын жасаған. Оларды тізе буынын ішкі протездеу оталарын жасау үшін Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев арнайы шақыртады.

 

Басқарманың мәліметінше, Түркістан облыстық клиникалық аурухана базасында жыл сайын 100-ден аса буын алмастыру отасы жасалады. Отаның мұндай ауыр түрін жергілікті дәрігерлер де жүргізеді. Дәрігерлер осындай ота кезінде америкалық фирманың шығарған жасанды буынын науқастарға қойып береді. Дене жарақатын алғандарға салынатын протез — таптырмас мүмкіндік. Қазір жасанды буынның көмегімен травматологтар мен ортопедтеріміз омыртқасы сынған адамды бірер күннің ішінде аяғынан тік тұрғызып жатыр.

 

Жәнәбек НҰРЫШ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы