Түркістанда «Бекзат» фильмінің тұсауы кесілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Бекзат» көркем фильмінің тұсаукесері өтті, деп мәлімдейді Өңірлік коммуникация қызметі.
Төл туынды Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен жұлдыз, олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өміріне арналған. Толық метрлі картина 3 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Фильм тұсаукесерінде сөз алған «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Ринат Кертаев «Жер жаһанға 20 жасында өз елінің атын танытып кеткен батыр Бекзат барлық игі ілтипатқа қашан да лайық. Жасындай жарқ еткен жас ғұмырдың ерте үзілгені қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырды. Бекзаттай батырдың болмысын бүгінгі ұрпақтың жадына жеткізу, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз. Сондықтан да, «Хабар» Агенттігі, Сидней Олимпиадасының чемпионы, белгілі боксшы - Бекзат Саттарханов туралы тұңғыш автобиографиялық «Бекзат» драмасын таспалауды ұйғарды. Мақсатымыз - ерте сөнген жұлдыздың санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы бүгінгі жас ұрпақты рухтандыру, жас спортшыларымызға бұқаралық салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады», - деді.
Аталған фильмнің алғашқы көрсетіліміне даңқты спортшының ата-анасы, туыстары келіп арнайы қатысты.
«20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса... оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбеттілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек» - дейді Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханов.
Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әр бір сәтте сыналып отырады.
Бірде ата-анасы Бекзатты күреске қатыссын деп бапкерге апарады. Онда Бекзат өзінің сергектігімен көзге түседі. Дегенмен күреске қатысқан баланың бойы өспей қалады деген түсінікпен оны боксқа ауыстырады. Бапкерімен танысқан күннен бастап, бұл спорт түріне ерекше махаббаты ашылады. Күн сайын ерінбей жаттығып, алғаш рет Түркістанда өткен сайыста жарқырап көрінеді. Боз бала шағында Германияда өткен турнирде топ жарып, бапкерлер олимпиядаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, олимпияда ойындарына жолдама алады. Солай 2000 жылы Сиднейде тартысты ойындар өткізіп, алтын медальға ие болады.
Картинаның режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған. Сонымен қатар туындыдан Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа актерлерді көресіздер.