Түркістанда ардагер аталар мен апалар елге көмек көрсетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларға Ордабасы ауданындағы бірқатар үкіметтік емес ұйым белсенділері және мешіт жамағаты қайырымдылық шараларын өткізді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атап айтқанда, Ордабасы аудандық "Ардагерлер кеңесі" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен уақ мал құрбандыққа шалынып, тиісті санаттағы тұрғындарға таратылған. Бұдан бөлек, аудандағы мешіт жамағаты да 2 ірі қара мал еті мен 21 қап ұн, 500 дана бетпердені 42 тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға таратып берді.
Сонымен қатар "Аудандық әйелдер кеңесі" ҚБ мен "Қажы аналар" қауымдастығы да бұл игі шарадан тыс қалмаған.
Ауыл округі әйелдер кеңесінің төрайымдарының қатысуымен ауданның көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін қыз-келіншектерге, яғни "Темірлан абаттандыру" МКК-нің 32 қызметкеріне күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік пакеттері берілген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсететін мұндай қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады.