Түркістанда аналарды мерекемен құттықтады

Астана, BAQ. KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нәзік жандылар қауымын құттықтады. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шараға тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты. Облыс басшысы өңір дамуына өлшеусіз үлестерін косып келе жатқан аналарға алғысын білдірді.

"Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта "Ана алақанының аясы, Ақ шынардың саясы" деген сөз бар. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады!", – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Тарихымызда бір отбасыға ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз бен батыр аруларымыз болған. Даналықтың белгісіндей Домалақ ана, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере әже біздің ел үшін әже тәрбиесінің, ана мейірімінің орны ерекше.  Бүгінде ақ жаулықты аналарымыз, намысты аруларымыз қоғамның сан түрлі саласында елге адал қызмет етіп жүр. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы