Түркістанда 2000 литр наурыз көже таратылды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін Түркістан қаласында қарсы алды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, өңір тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.

«Түркістан облысында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталды. Облысымызда әр күнге әртүрлі ат беріліп, мағыналы әрі мазмұнды іс-шаралар, жалпыхалықтық серуендер өтті. Көшеттер отырғызылып, қаланы көркейту жұмыстары жанданды. Ұлттық киім мен дәстүрлі ән-күйлеріміз насихатталды. Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, баршаңызды Түркістанды гүлдендіруге үлес қосуға шақырамын. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген мақал бар. Бірлігіміз мықты, еліміз тыныш болса, Түркістанымыздың келешегі жарқын болатыны сөзсіз. Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – деді Өмірзақ Естайұлы.

«Есім хан» алаңында өткен мерекелік шарада өңіріміздің танымал өнерпаздары, студенттер мен мектеп оқушыларынан құралған жалпы 2000-ға жуық адам өз өнерлерін көрсетті. Жыл басының басталуын көрсететін театрландырылған қойылым қойылды. Сондай-ақ, этноауылда облыстағы аудан-қалалар киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, жұртшылыққа ұсынды. Қонақтар үшін 2000 литр наурыз көже дайындалып, 1,5 тонна палау басылды. Одан бөлек, қолөнершілер жасаған түрлі ұлттық бұйымдардан көрме ұйымдастырылды.






Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы