Түркістанда 10 мыңнан аса отбасыға көмек берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында "Біз біргеміз!" акциясы бойынша 10 мыңнан астам отбасыға көмек берілді, деп хабарлайды Nur Otan партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Бұл игі бастаманы Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы және аудан, қалалардағы филиалдары ұйымдастырған. Елдегі төтенше жағдайда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесуді мақсат еткен акцияға кәсіпкерлер қомақты үлес қосқан. Азық-түлік себеттері партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы "Бақытты отбасы", "Ардагерлерді ардақтайық", "Кедергісіз келешек" жобалары бойынша мұқтаж жандарға жеткізілуде. Бұл ретте жасотандықтар мен ерікті жастар, партия қызметкерлері демалыссыз жұмыс жүргізіп, елді мекендерді аралап, көмек жеткізген.

Аса мұқтаж отбасылар мен тұрғындардың тізімі жергілікті әкімдіктердің базасы негізінде жасақталған. Партия филиалдарына түскен өтініштер бойынша да тұрғындарға нақты көмек берілген.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаевтың айтуынша, партияның әлеуметтік желідегі парақшасына тұрғындардан өтініш көп түскен.

Біз мейлінше әрбір өтініштің орындалуына күш салып жатырмыз. Он мыңнан астам отбасыға азық-түлік жеткізілді. Әлі де көмек сұрағандар көп. Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. Бүгін президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектер туралы айтты. Nur Otan партиясының да жемісті жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. «Біз біргеміз!» акциясы арқылы көмекке ие болған тұрғындар ризашылық білдіруде. Біз өз тарапымыздан партия қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, аудан, қала әкімдері мен жасотандықтарға, ерікті жастарға және қиын кезеңде түсіністік танытып отырған елге алғысымызды айтамыз. Бұл қиындықты бірге жеңіп шығамыз, – дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы