Түркістан: "Шипа" жобасы бойынша 300 отбасына дәрі-дәрмек жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін "Шипа" жобасы бойынша Түркістан облысының аудан, қалаларындағы 300 мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек қобдишасы жіберілді. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

"Nur Otan" партиясы фракциясының депутаттары мен кәсіпкерлердің бұл көмегін "Jas Turkistan" еріктілер клубы мен аудандардағы жасотандықтар және жастар ресурстық орталығының еріктілері тұрғындарға жеткізуде.

Партияның облыстық филиалы пандемияға қарсы күресті күшейту мақсатында "Өмір" және "Шипа" жобаларын қолға алған. Осы арқылы өңірдегі ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараттарын және мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек жеткізу көзделген.

Бүгін аудандарға дәрі-дәрмек жөнелтілді. "Jas Otan" жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұманның айтуынша, ел азаматтары мен кәсіпкерлер жобаларға қызу қолдау көрсетіп жатыр.

"Бүгін " Шипа" жобасы бойынша аудан, қалалардағы мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек жолдап отырмыз. Ерікті жастар бұл бастамаға қолдау көрсетуде. Біз осындай қадамдар арқылы тұрғындарға көмек қолын созуды мақсат тұттық. Партия филиалына, депутаттарға, демеуші ағаларға, волонтер жастарға алғысымыз мол, - дейді облыстық филиал төрағасы Жансерік Жұман.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы