Түркістан облысында жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою талаптары орындалмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Сайрам ауданында Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті  қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында белгілі болды. Күн тәртібінде жер қойнауын пайдаланудағы заңсыздықты жою мен оның алдын алу шаралары талқыланды.

Түркістан облысының прокуратураснан хабарлағандай, үйлестіру кеңесінің жұмысына облыс әкімі, қала мен аудан әкімдері және прокурорлары, құқық қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу саласындағы уәкілетті органдарының бірінші басшылары қатысты.

«Жер қойнауын заңсыз пайдалану мәселесімен күресуде жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдары тиісті деңгейде жұмыс жүргізбей, нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілуде», - деп атап өтті облыс прокурорының бірінші орынбасары А.Пашаев.

Облыс көлемінде 124 кәсіпкерлік субъектілеріне кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге 146 кен орнындары берілген (құмды қиыршық тас – 91, саздақ – 23, құм – 14, әк тас – 6, базальт – 1, минералды пигменттер – 2, вермикулит – 1, құрылыс тас – 2, тұз – 3, гипс – 3).

"Табиғат пайдаланушыларға келісімшарттармен өңірдің әлеуметтік дамуына төлемдер жасау міндеті жүктелгенімен, бүгінгі күнге оның 42-інде жалпы 357,0 млн теңге көлемінде берешектері бар.

Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қарыздарды өндіру бойынша сотқа бар болғаны 191,2 млн. теңге көлемінде ғана 12 табиғат пайдаланушыға қатысты талап арыздар берген. Талап арыздар уақытылы (талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл) берілмегендіктен оның 12-сін (42,0 млн теңгеге) сот қанағаттандырмады. Осы негізде қалған 30 табиғат пайдаланушыдан да қалыптасқан 111,4 млн. теңге берешегін өндіруге мүмкіндік жоқ.

Су қорғау белдеуінде орналасқан 20 жер қойнауын пайдаланушылардың тек 8-мен келісімшарттар бұзылған. Экология Департаментінің қорытындысына сәйкес жер қойнауын пайдалануды тоқтатпаған кәсіпкерлік субъектілермен 182,5 мың м³ қиыршық тас өндіріліп, қоршаған ортаға 500 млн. теңгеден астам залал келтірілген.

Жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою кезінде де заң талаптары орындалмайды. Облыс көлемінде келісімшарт мерзімдері аяқталған 32 жер қойнауын пайдаланушы ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексінің» 54-бабына сәйкес өзіне берілген учаскеде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоймаған. Нәтижесінде жер деградацияға ұшырап, қоршаған ортаға аса ірі көлемде зиян келтірілуде", - дейді мамандар. 

Отырыс қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарына жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға және оған әрекетсіздік танытқан лауазым тұлғаларға шара қолдану туралы нұсқау берілді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы