Түркістан облысында жедел құтқару шарасы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 тамызда сағат 00-04 минутта Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы Төлеби ауданында құтқару операциясына шықты, деп хабарлады Шымкент қалалық ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының баспасөз қызметі.
"Қасқасу елді мекенінен 15 шақырым жерде 1990 жылғы жас жігіт Сайрам-су шатқалына демалуға шыққан. Денсаулық жағдайының нашарлауы-демікпе ұстамасы, одан әрі қозғалуға мүмкіндік бермеді және ол құтқарушылардан көмек сұрады. Құтқарушылар сағат 04.40 минутта зардап шеккенге жетіп, оны шатқалдан түсіре бастады. Сағат 08.35-те зардап шегушіні жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды (жағдайы орташа). Жас жігіт мұндай жағдайға екінші рет ұшырап отыр. 2016 жылы осы Сайрам-су шатқалында жігітті құтқару бойынша операция тікұшақпен жүргізілген", - делінген таратылған хабарламада.
Құтқарушылар тауға шыққанда сақ болуды ескертеді.
"Шымкент қаласының Жедел құтқару жасағы қатаң ескертеді! Тау қателіктерді кешірмейді! Құрметті Шымкент қаласының және Түркістан облысының тұрғындары! Тауға бару кезінде сақ болыңыз! Медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілімдері бар адамдарға тауға баруға қатаң тыйым салынады. "112" құтқару қызметінің телефоны бойынша міндетті түрде тауға шығу және қозғалыс маршруты туралы хабарлаңыз", - делінген ақпаратта.