Түркістан облысында су тазарту қондырғылары жасалып шығарылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында "Kutlar Muhendislik" түрік компаниясы ауыз су мен ағын су тазартудың заманауи модульдік станцияларын шығаруды жоспарлап отыр. Ұлттық компания және Түркістан облысы әкімдігінің көмегімен инвесторлар қажетті жабдықтардың бір бөлігін алып, Кентау қаласында өз жұмысын бастап кетті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түрік серіктестеріміз металл кесетін негізгі жабдықты орнатудан және модульдік стансаларды құрастырудан бастады. Сонымен қатар, сүзгілер мен автоматтандырылған қондырғылардың бірнеше үлгісі әкелінді. Келесі жылдың соңына дейін компания жергілікті қамтуды біртіндеп ұлғайта отырып, Қазақстандағы ауыз суды тазартудың блокты-модульдік стансаларын өндірудің толық желісін құруды жоспарлап отыр», - дейді "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Түркістан облысы бойынша өңірлік директоры Дәулеткожа Мамыров.
Өндірісті толық іске қосқаннан кейін жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен $1,5 млн. құрайды. Зауытта өндірілетін жүйелер соңғы технологиямен жабдықталған және тазарту құрылыстарының дәстүрлі түрлерінен бірқатар артықшылықтарға ие.
Мысалы, модульдік су тазарту стансаларының классикалық тазарту қондырғыларынан айырмашылығы, орнату үшін шамамен 20 пайызға аз орын қажет. Қоспаларды алып тастау және суды тазарту процедурасы толығымен автоматтандырылған, дәстүрліге қарағанда өзіндік құны мен бағасы төмен. Ең бастысы, пайдалануға беру қысқа мерзімде жүзеге асырылады, - деді "Kutlar Muhendislik" компаниясының құрылтайшысы Кенан Кутлар.Мамандардың айтуынша, заманауи қондырғы лай, бөтен иіс пен дәмді, судағы қосалқы заттарды толығымен жояды. Темір, мырыш және басқа да бөгде элементтерден тазартады. Судың сапасы арнайы аспаптар арқылы бақыланады. Тазарту процесі бастан-аяқ тексеріледі. Тәулігіне қондырғы 100 мың адамға есептегенде 20 мың текше метрге дейін суды тазарта алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы