Түркістанда Қосман Айтмұхаметовтің құрметіне көше атауы берілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті тұрғындардың бұл ұсынысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары барысында қолдады.

Президенттің Түркістан облысына жасаған сапарының видеосын Қосман Айтмұхаметовпен қызметтес болған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Арман Тұрлыбек Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Шынымды айтсам, мен бұл жаңалықты көргенде қуанып қалдым. Қосман Айтмұхаметов тікелей қатысқан қала көшелерінің біріне оның есімін берген дұрыс болар еді. Түркістанда да, астанадағыдай. Президенттің түркістандық әріптестерінің ұсынысын қолдағанына ризамын. Дана шешім!, - деп жазды ол.
Облыс тұрғындарының бірі су басқан күндері алғашқылардың бірі болып аянбай еңбек еткен азаматтың атын қала көшелерінің біріне бергісі келетінін айтқан. 
Біздің өтінішіміз бар еді. Су басқан күндері Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов алғашқы күннен бастап аянбай жұмыс істеді. Оның денсаулығы сыр бергені сол кезде-ақ байқалып тұрған еді, салдарынан ол өмірден озып кетті. Біз оның атын қала көшелерінің біріне бергіміз келеді, - деді облыс тұрғыны Жарқынбек Қанаев.
Президент бұл бастаманы қолдап, Қосман Айтмұхаметовтің еңбегін атап өтті. 
Ол нағыз азамат, мемлекеттік қызметкер, сондықтан мен бұл ұсынысты қолдаймын, - деді Президент.
Еске сала кетейік, 15 шілдеде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Қайыртайұлы 57 жасында мезгілсіз дүниеден өткен болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы