Түркістан облысында мың шақырымға жуық жол жөнделеді
Астана, baq.kz. Түркістан облысында ағымдағы жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 42 млрд. 650,2 млн. теңге қаралып, 69 нысан немесе 974,2 шақырым жол мен көшелерге және 8 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен Түркістан облысының әкімдігі арасында 2018 жылдың 30 қарашасында «Түркістан қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумы» түзілген болатын.
Келісім негізінде 2019 жылы республикалық бюджеттен 70/30 паритеті негізінде облыс көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына 7,6 млрд. теңге қаралған. Негізгі паритет 50/50, яғни мақсат - облыстық бюджеттен босаған 20 пайыз қаржыны Түркістан қаласының ішкі көшелер желісін дамытуға бағыттау. Ағымдағы жылы Түркістан қаласының ішкі көшелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен – 2 млрд. 587,5 млн. теңге қаралған.
Сондай-ақ, облыс орталығы Түркістан қаласында жаңадан салынатын әуежайға (қаланың солтүстік-шығыс бағытында) баратын жолдың құрылысын жүргізу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан аталған автомобиль жолының құрылысына экономикалық-техникалық негіздеме әзірленуде. Жалпы жолдың ұзындығы – 11,7 шақырымды құрайды.
Бұдан өзге, Түркістан қаласынан жаңа автобекеттер салу бойынша Шымкент бағытында жеке инвестиция есебінен 3 гектар аумаққа тәулігіне 10 мың жолаушыға (600 автобус) қызмет көрсете алатын жаңа автобекеттің құрылысы жүргізілетін болады. Қызылорда бағыты бойынша қазіргі таңда облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы жаңа автовокзалдың орнын анықтау үстінде. Жаңа автовокзал салуға инвесторлар ниет білдіруде.