Түркістан облысында мақта қабылдау басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында қайта өңдеумен айналысатын 16 зауыттың 7-і шитті мақтаның 1 тоннасын 150 мың теңгеден қабылдауды бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 131 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 343,6 мың тонна шитті мақта жинау жоспарлануда. Бүгінде аймақта 25,8 мың тонна шитті мақта жиналды, ол жалпы қордың 8%-ы.Сондай-ақ, облыс аумағында жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 16 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 184 қабылдау бекеттері жұмыс істеуде.
«Шаруаларды қолдауға орай, өнімдерге субсидия төленетін болады. Бұл бағытқа 1,9 млрд теңге қаржы қаралған. Мәселен, мақта өніміне субсидия алу үшін мақта өңдеу зауытына қайта өңдеуге тапсырылған шитті мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге төленсе, қайта өңдеуге тапсырылған немесе сәйкестік сертификаты бар өңдеуге өткізілген күріштің 1 тоннасына 4 мың теңге субсидия беріледі», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Айта кетейік, шаруалар субсидия алу үшін өзінде қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттардың, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорны мен ауылшартауарөндіруші немесе ауылшаркооперативі арасында ауыл шаруашылығы өнімін беруді растайтын құжаттардың және қайта өңдеу кәсіпорны шеккен шығындарды растайтын төлем құжаттары болуы қажет.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы