Түркістан облысында ұлттық спорт қарқынды дамып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2019 жылдың 9 айында 3600-ге жуық бұқаралық спорттық іс-шара өтіп, оған 436,3 мың адам қатысқан, деп хабарлады Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сондай-ақ, облыста ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында 2019 жылдың 9 айында 466 спорттық шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қырықбаев Полат мәлімдеді.
Сондай-ақ, жыл басынан бері облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 601 мың адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 30% құрап отыр.Қазіргі таңда облыстағы аудан, қалалардағы халқы 1 мың адамнан асатын жергілікті округ әкімдіктерінде дене шынықтыру және спорт саласына жауапты нұсқаушы-әдіскер штаттық бірліктерін ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бұқаралық спортты дамыту қадамы. Бүгінгі күні өңірде осы уақыт аралығында облыста 4328 спорт нысаны тіркелген. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен облыс аумағында аудан, қала әкімдіктері тарапынан 64 спорт және ойын алаңшалары салынып, пайдалануға берілді, - деді Полат Наурызбайұлы.
Айта кетерлігі, 2019 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 52 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 232 алтын, 186 күміс, 258 қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 53 алтын, 18 күміс және 14 қола медальға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 11 алтын, 8 күміс және 11 қола медальға ие болды. 2019 жылдың 9 айында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 5 ҚР спорт шебері, 120 спорт шеберіне үміткер дайындалды. Спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан барлығы – 548 спортшы еніп отыр. 2020 жылы Жапония елінің Токио қаласында кезекті жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін мүмкіндік беретін лицензиялық жарыстарға облыстан 21 спортшы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта, Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарына сәйкес, спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысаны Түркістан қаласында салынуда. Мәселен, 7 мың орындық "Орталық стадион" мен жабық бассейні бар спорт сарайы 2020 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. "Олимпиадалық резервтер дайындайтын спорт мектебі" биыл ашылады деп жоспарлануда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Әлемде аллергиясы бар адамдар көбейді
Өзгелердің жаңалығы