Түркістан облысында аумағы 500 га жылыжай кешені салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев және «ЭКО Культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаков, сондай-ақ, «Green Land Alatau» бас директоры Алмас Дауытовтың қатысуымен жиын өтті. Сонымен қатар, кездесуге инвестиция және экспорт басқармасы, экономика және бюджеттік жобалау басқармасы, «Kazakh Invest» аймақтық өкілдігі, «Turkistan Invest» фронт-офисінің басшылары, «Kazakh Invest» ҰК АҚ төрағасының орынбасары және бас менеджері қатысты.

«Басқосу барысында Түркістан облысы Келес ауданында аумағы 500 гектардан асатын жылыжай кешенін салу туралы Түркістан облысы әкімдігі, «KAZAKH INVEST»ҰК» АҚ, «Эко Культура» АӨХ ЖШҚ, «Green Land Alatau» ЖШС және Еуразиялық даму банкінің арасында 5 жақты инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоспарланған инвестиция мөлшері 1,1 млрд. АҚШ долларын (424 млрд. теңге) құрайды. Сондай-ақ, жобаны қаржыландыруды ЕДБ қаржы құралдары арқылы жүзеге асыру жоспарлануда»,- делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 17 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында «ЭКО Культура» АӨХ ЖШҚ президенті Александр Рудаков және ҚР премьер-министрі Асқар Мамин тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жылыжай мега-кешенінің жобасы серіктес  «ЭКО Культура» агроөнеркәсіптік холдингінің «Green Land Alatau» қазақстандық компаниясына көмегі арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша таңдалған учаскеде есептеу жүргізді. Инженерлік желілер жүргізуге қажетті жалпы сома шамамен 10,3 млрд. теңге, соның ішінде 2020-2021 жж. – 3,7 млрд. теңге, 2020-2023 ж. – 6,6 млрд. теңгені құрайды.

«ЭКО Культура» ЖШС жылыжай кешендері өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылайтын, жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы