Түркістан облысы карантинге жабылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19 сәуірден бастап Түркістан облысына карантин енгізіледі. Бұл туралы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.
Көршілес аймақтармен шекарада санитариялық блок-бекеттердің жұмысы күшейтіледі. Қалааралық, ауданаралық және ауыларалық қолжетімділік шектеледі, ал қоғамдық және жеке көлік қызметтері тоқтатылады. Қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылатын болады. Азық-түлік және киім нарықтарының жұмысы, сондай-ақ үй тауарларын өткізу жұмыстары тоқтатылатын болады. Балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады. Отбасы мерекелерін, туған күндерін және үйлену тойларын тұрғылықты жері бойынша өткізу шектеледі - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көшелерде және қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады. 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай оқшаулануы тиіс.
Тұрғындарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін олардың үйлерінің жанында орналасқан дүкендер мен дәріханаларда ғана жүруге рұқсат етіледі. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы 09:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі. Өңірге қажетті тамақ өнімдері мен материалдарды, өнеркәсіп тауарларын, құрылыс, медицина және көктемгі егіс жұмыстарына арналған материалдарды тасымалдайтын рұқсат құжаттары бар көлік құралдары ғана кіріп-шыға алады. Сондай-ақ медициналық көмекке мұқтаж азаматтар кіруге, шығуға мүмкіндік бар. Құрылыс индустриясы, көктемгі егіс, жұмыспен қамтудың жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері карантиндік режимге қарамастан штаттық режимде жұмыс істейтін болады - делінген ақпаратта.
Қазіргі кезде облыста індет жұқтырған 57 науқас тіркелді. Олардың 7-і жазылып шықса, бір адам қатерлі індеттен көз жұмды.